F4: "Жігіттің сабаздары" қазір қайда жүр?

Қазақстанда осыдан он жыл бұрын корейдің "Жігіттің сабаздары" дорамасы хит болып жатқан. F4 жігіттеріне ғашық болмаған қыз аз емес шығар. Бұл актерлер қазір қайда жүр? Massaget.kz тілшісі іздеп көрді.

"Жігіттің сабаздары" - 2009 жылы түсірілген корей сериалы. Бір маусым, 25 бөлімнен тұрады. Түпнұсқа атауы - Kkotboda namja, қазақ тіліне аударғанда "Гүлден де сұлу жігіттер".

Телехикаяда отбасы химиялық тазалау қызметінде істейтін қарапайым Гым Чан Дидің оқиғасы баяндалады. Ол өз-өзіне қол жұмсамақ болған жігітті құтқарып қалып, элиталық мектепте оқуға шақырту алады. Бұл мектепте беделді, бай отбасылардың балалары ғана оқиды. Ал онда F4 деп аталатын жігіттер бар. Мектептің бүкіл қызы осы төрт жігітке ғашық, басқа жігіттер F4-тен қорқады. Олардан қорықпайтын да, ұнатпайтын да - Чан Ди.

Бұл жігіттер неге F4 деп аталады? F әрпі Flowers (гүл) дегені, яғни гүлдей төрт жігіт.

Сериалда Гым Чан Дидің ролінде Гу Хе Сон ойнады. Оқушы қыздың роліне бекітілгенде ол 25-те болған. Корей халқына ол бұған дейінгі рольдерімен де танылған. 2006 жылы ол Pure in Heart (Жүрегім таза) дорамасымен танымал болған екен.

"Жігіттің сабаздары" оның танымалдығын арттыра түсті. Бүгінде Гу Хе Сон - актриса ғана емес, режиссёр, жазушы, композитор және суретші. 2011 жылы Ku Hye-sun Film деп аталатын өз компаниясын ашқан. Кейінгі рет 2017 жылы шыққан "Тым көпсің" дорамасына түсті.

Қазір жасы 37-де. 2016 жылы актер Ан Чжэ Хёнмен отау құрған, бірақ 2019 жылы ажырасып кетті.

F4-ті басқаратын Гу Чёң Пё ролінде Ли Мин Хо ойнады. Актердің жұлдызын жаққан осы "Жігіттің сабаздары" саналады. Кейін "Қала аңшысы" және "Мұрагерлер" дорамасы да оның есімін асқақтатты. 

Жалпы, F4 аяқталғаннан кейін оннан аса жобаға түсті. Биыл жарыққа шыққан "Патинко" сериалында инспекторды сомдады. Ал келесі жылы "Жұлдыздардан сұра" атты дорамада ойнайды.

"Жігіттің сабаздарынан" кейін Гу Чёң Пё мен Гым Чан Ди кездеседі деген ақпарат тараған екен, бірақ мұны екі әртіс те растамады.

2015 жылы Ли Мин Хо әнші, актриса Сюзимен жүретінін айтқан. Бірақ жұп екі жылдан кейін ажырасып кетті. 

Ең сабырлы, скрипкада ойнағанды жақсы көретін Юн Чи Худы телехикаяда Ким Хён Жун сомдады. Оны ел актер ретінде танымал болғанға дейін, SS501 тобының вокалисі ретінде білген.

Ким Хён Жун бүгінге дейін жеті дорамаға түскен, кейінгісі - "Уақыт тоқтап қалғанда" 2018 жылы шықты. Қазір ол әншілікке көп көңіл бөліп, түрлі концерт беріп жүр. Корей және жапон тілінде 15 альбом шығарған.

2014 жылы оны бұрынғы сүйіктісі зорлады деп айыптады, сот процесі ұзаққа созылып, нәтижесінде ол кінәсіз екені дәлелденді. Қазір Ким Хен Жун үйленді, бірақ әйелі танымал емес. Ал жақында 36 жастағы актер Ilgan Sports басылымына балалы болатынын айтқан.

Со И Чжон ролінде ойнаған Ким Бом да талай қызды ғашық қылған. "Жігіттің сабаздарына" түскенде ол 20 жаста еді. Бұл дорамадан кейін танымал болып, көптеген жобаға қатысты. 

2020 жылы "Тоғыз құйрықты түлкінің оқиғасы" сериалына түсіп, танымалдығы одан сайын артты. Биыл "Елес дәрігер" дорамасына түсіп жатыр. 

33 жастағы Ким Бом актерлік карьерасында 17 дорама мен 9 фильмге түскен.

2018 жылы актриса О Ён Сомен кездесіп жүргені хабарланған, бірақ бірнеше айдан соң жұп айырылысып кетті. 

F4-тің төртіншісі Сон У Биннің ролінде Ким Джун ойнады. Ол актерлікке қарағанда әншілікке жақын. Телевизиядағы карьерасын 2009 жылы осы "Жігіттің сабаздарымен" бастаған. Одан кейін тағы үш дорамаға түсті. 

Бес фильмде ойнаған, кейінгісі 2020 жылы шыққан.

38 жастағы Ким Джун - 2007 жылдан бері Tmax тобының мүшесі. Онда басты рэп-орындаушысы. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!