Алматыда алып бала дүниеге келді

Алматыда алып бала дүниеге келді

Алматы қаласында салмағы 5 келіден асатын қыз бала дүниеге келді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алматылық Наталья алып баланы дүниеге әкелді. Әдетте, дәрігерлер бұндай үлкен баланы кесарь тілігі арқылы босандыратын болғандықтан акушер-дәрігерлер операция тобын дайындаған. Алайда ота жасаудың қажеті болмаған, сәби үш сағаттан кейін 5 келі 100 грамм салмақпен дүниеге келген.

"Әйелдің қағанақ суы көп болды, мұндай жағдайда өзі босанғанда ана мен бала үшін белгілі бір қауіп болады. Қағанақ суының көптігі кезінде асқыну болса, кіндік түсуі мүмкін. Ал бұл өз кезегінде шұғыл түрде кесарь тілігі арқылы босандыруға әкеледі. Ультрадыбыстық зерттеу кезінде іштегі нәрестенің салмағы 4600-4800 болады деп болжанған. Кенет толғақ қысып, 1 қарашада таңғы сағат 05:30-да табиғи жолмен дүниеге қыз бала келді", - дейді Алматы №4 перзентханасының акушер-гинекологы Айнұр Иманқұлова.

Бүгінде Наталья үйге шығуға дайындалып жатыр. Қызына Дарья деген есім қойды. Бұл - Натальяның отбасындағы төртінші бала.

"38 жастамын, үлкен қызым 11-де, ұлым 9 жаста, содан кейін 2,7 жасар тағы бір ұлым бар. Міне, Дарья деген қызым дүниеге келді. Дарья - сыйлық деген сөзден шыққан. Құдай бізге төрт бала сыйлады. Менің үлкен қызым да ірі салмақпен дүниеге келді - 4,1 келі. Даша да солай. Қызымды дүниеге әкелуге көмектескен дәрігерлерге рақмет", - дейді алматылық көпбалалы ана.

Дәрігерлердің айтуынша, іштегі нәрестенің үлкен болуы қазір жиі кездесетін жағдай.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Г. Досымшалова