WhatsApp-та сурет жіберсеңіз алаяқтар жеке деректеріңізді біліп алатыны рас па?

WhatsApp-та сурет жіберсеңіз алаяқтар жеке деректеріңізді біліп алатыны рас па?

Қазнетте Желі қолданушылары достарына "қайырлы таң" немесе "қайырлы түн" деген тілектермен суреттер жіберіп, өздерінің жеке мәліметтерін алаяқтарға береді деген ақпарат тарады. Бұл шындыққа жанаспайды, - деп хабарлайды StopFake.kz

Басылым мәліметінше, бұл хабарлама - ескі фейк. Ол 2020 жылы Ресейде, Тәжікстанда және Үндістанда көп тараған. Ал Қазнетте 2022 жылдың басында орыс тілінде тараған. Басылым бұған дейін де оның жалған екенін жазған болатын. Қазір фейк қазақ тіліне аударылып, Желі қолданушылары арасында қайта тарап жатыр.

WhatsApp-та сурет жіберу арқылы жеке деректерін алаяқтарға берген адамдар болмаған. Сонымен қатар, алаяқтар зиян бағдарлама жасақтамасын "Қайырлы таң деп жазылған суреттерде жасырады" немесе басқа суреттерді қолданбай, осылармен ғана шектеледі" деуге ешқандай негіз жоқ.

Бұдан бөлек, ақпаратта Shanghai International China News ұйымы суреттерді бөлісудің қауіпті екені туралы ресми түрде ескерткені айтылған. Алайда оның қандай ұйым және немен айналысатыны белгісіз. Атауына қарап, бұл бұқаралық ақпарат құралы деп пайымдауға болады, бірақ Қытайда мұндай атаумен телеарналар да, жаңалықтар порталдары да жоқ.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова