Ертеде қыз бен жігіт қалай танысып, бас қосқан

Ертеде қазақтарда балалар дүниеге келмей жатып бел құда атану, атастыру дәстүрлері болған. Алайда қыз бен жігіт бір-бірін танымай, отау құрған ба? Бұл сұраққа Massaget.kz тілшісі жауап іздеп көрді.

Тарихи деректерге сүйенсек, жігіттің әкесі қалыңмалды түгел не жартылай төлеген соң, ұлын қалыңдығымен кездестіруді ойластырып, бұл ниетін құдасына білдірген. Кейін ұлының жанына 5-6 өнерлі жолдасын ертіп, "ілуге" бөлек сыйлық, "есік ашарға" бірнеше мал, жыртыс пен түрлі кәдеге арналған мата мен орамал, сақина мен сырға, жамбы мен күміс теңгелер, басқа да ұсақ-түйек сый-сияпатты жеке қоржынға артып, оларды қайын жұртына жібереді.

Күйеужігітті қарау салты, 1882 жылы

Күйеу баланың алғаш рет қалыңдығымен кездесуге баруын "ұрын бару" деп атаған. Оның мақсаты - екі жасты оңаша кездестіру, еркін сырласуға мүмкіндік туғызу. Олардың келе жатқанын ести сала, әйелдер күйеу балаға арнайы үй тігеді. Күйеу бала алдынан қарсы шыққан қыздың жас жеңгелеріне 20-30 аршын мата - "ентікпесін", ал үй тіккен әйелдерге "шатыр байғазысын", балдызына "балдыз көрімдігін" сыйлайды.

Ауыл үлкендеріне көрінбей, қыз-келіншектердің ортасында отырған күйеу балаға қайын атасының дастарқанынан төс салынған дәстүрлі табақ тартылып, ол иіліп тағзым етіп, турап таратады да, "төс салар" кәдесін береді.

Бұл кеште ауыл жастары күйеудің келу құрметіне "қынаменде" ойын-сауығын ұйымдастырады. Түн ортасына дейін ән айтылып, түрлі ойын ойналады. Ертесінде күн ұзаққа ән шырқалып, күй тартылып, күрес, алтын қабақ, ат жарыс өткізіліп, "қыз қашар" тойланады.

"Бұлайша қыз қашар дәстүрін өткізетін үйді "болыс үй" дейтін көрінеді", - дейді Халел Арғынбаев еңбегінде.

Күйеу бала "қыз қашарға" бір жорға не қымбат жағалы киім байлайды. Кешкі той кезінде бойжеткеннің бір жеңгесі күйеуді жасырын қайын атасының үйіне шақырып келеді де, осы қызметі үшін "күйеу қашырарын" алады. Ал бұл уақыттта жігіт қалыңдығын көрмейді. Атасының желісінің жанынан өте бере "желі тартар", үйге жақындай бергенде отыра қалып, ит болып ырылдаған жеңгесіне "ит ырылдатар", үйді айнала бере күйеу алдына бақан тастаған жеңгесіне "бақан салар" береді. 

Ізеттілікке риза болған қыз шешесі Алладан амандық сұрап, күйеу балаға алғыс-тілектерін білдіріп, бір кесе ақ ұсынады. Осы сәтте қалыңдықтың төсегінің алдына өтірік өлген болып жатып алған бір кемпірді "кемпір өлді" кәдесін беріп, тірілтіп алады. 

kazgazeta.kz

Қыздың жеңгелері арнайы жігіт пен қызды бір-біріне алғаш рет табыстыру үшін "шымылдық ашар", "көрімдік", "қыз кәде", "шаш сипатар", "мойын тастар", "арқа жатар" деген салт-дәстүрлерді жасап, кәде алады. Сол көп дәстүрдің алғашқысы - "қол ұстатар". Мұнда жеңге бір-біріне не дерін білмей отырған екеуінің қолын ұстатады да өзі шығып кетеді. Бұл - екі жасты жақындатудың халықтық бір амалы.  

Instagram/steppeart

Ал бұл суретте жігіт қалыңдығының шашын алғаш сипап, оған да арнайы кәде береді. Қыз бұрымын ұстау - қазақ халқында ерекше сипатқа ие. 

"Ұрын келу" аяқталған соң қыз үйі күйеу баланы жол-жоралғысымен аттандырады. Қайын атасы күйеу баласына жүйрік, жолдастарына бір-бір ат мінгізеді. Жігіттің бос қалған қоржынын түрлі кәдеге толтырады, ал қыз "Жеңгелерім мен қайын сіңлілеріме" деп қалыңдығы сақина, білезік, жүзік, сырғалар түйілген орамал береді.

Ұрын той өткеннен кейін күйеу жігіттің қалыңдығымен кездесіп тұруына ешкім кедергі келтірмейді. Кейін жігіттің әкесі қалыңмал берудің қамына, ал қыз жағы қалыңдықтың жасауын дайындайды.

Кейбір зерттеушінің айтуынша, қалыңмал төлеу қызды сатып алу үшін берілетін құн емес, керісінше, қалыңдықтың жасауына, сәукелесіне, той малына, кәделі алыс-берістеріне жұмсалатын қаражат көлеміне сай төленетін төлем.

Демек, жігіт бен қыз бір-бірін көрмей отау құрған деген пікір шындыққа жанаспайды. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!