Комиссия құрылды - Смайылов "АрселорМиттал Теміртаудағы" қайғылы оқиға туралы

Премьер-министр Әлихан Смайылов "АрселорМиттал Теміртау" шахтасында қаза тапқан жұмысшылардың отбасына көңіл айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"3 қарашада "АрселорМиттал Теміртау" АҚ КД "Ленин атындағы" шахтасында апат болды. Соңғы мәліметтерге сәйкес, бес кенші қайтыс болды. Осыған байланысты менің өкіміммен ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин жетекшілік ететін Үкіметтік комиссия құрылды. Оның құрамына уәкілетті министрліктердің, жергілікті атқарушы органдардың және кәсіподақ ұйымдарының өкілдері кірді. Биыл жазда "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ға барған кезімде мен компания басшылығына кеншілер үшін қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау, өндірісті жаңғыртуға инвестициялар бөлу жөнінде кешенді шаралар қабылдау қажет екенін айтқан болатынмын. Қаза болғандардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын", - дейді премьер-министр. 

Президент "АрселорМиттал Теміртау" шахтасында қаза тапқан жұмысшылардың отбасына көңіл айтты

Смайыловтың сөзінше, үкіметтік комиссия алдына апат себептерін объективті тексеру, шұғыл мәселелерді шешу, сондай-ақ қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына жан-жақты көмек көрсету бойынша міндеттер қойылған. 

Еске салайық, бүгін "АрселорМиттал Теміртау" кенішінде апат болып, 5 адам қаза тапқан еді. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!