"Ұят емес". Бала жыныстық қатынас тақырыбын қанша жастан бастап білгені дұрыс?

Қазақ танымында ұят феномені бәрінен жоғары тұрады. Сондықтан дәстүрлі түсінікте жыныстық қатынас туралы жария етіп айту ұят іс саналған. Бірақ қазір кішкентай балалардан бастап бұл тақырыпты білмейтін жан жоқ. Оған Желідегі түрлі ақпаратты, Интернетті кінәласақ та, ХХІ ғасырда жыныстық сауаттан аттап өте алмайтынымыз белгілі. Massaget.kz тілшісі психолог Ақмарал Орынбаевамен сұхбаттасып, осы мәселе туралы сұрады.

Көбі әлі күнге дейін бұл тақырыпты айтқанда, ыңғайсызданады немесе әңгімеге араласпауға тырысады. Бірақ қазір қоғамда жыныстық сауат жетіспеген соң балаларға жасалып жатқан зорлық-зомбылық әрекеті толастамағаны, ерте жүктілік дерегі артқаны байқалады. Тіпті кейде бала бөтен адам жақындағанда, өзін қалай қорғау, қалай ұстау керегін білмей жатады. Сондықтан педофилизм көрінісі де азаймай тұр. Ересектер жағы бұл сұрақтан үндемей, тыныш қана айналып өтуге болады деп ойлады. Алайда дәл қазір бұл әдіс ұтымсыз саналады. Өйткені бұл тақырып жұмбақ әрі жабық болған сайын бала қызығушылығы арта түсуі, ересектер жоқ жерде өздігінен ізденуі әбден мүмкін.

psychologos.ru 

Психологиялық еңбектерде мұндай әңгімені бастау оңай емесі айтылады. Бірақ физиологиялық, психологиялық ерекшеліктерді есепке алғанда, бұл тақырыпта әкесінің ұлымен, ал анасының қызымен сөйлескені дұрыс екен. Сондай-ақ, көптеген деректе бала бұл құбылыс туралы неғұрлым ерте білсе, соғұрлым жақсы екені де айтылады. 

Жыныстық жетілудің алғашқы белгілері әдетте қыздарда 9-14 жас аралығында, ал ұлдарда 10-15 жас аралығында байқалады екен. Сондықтан бала жыныстық даму мен гигиена дағдыларын, жыныс мүшелерінің анатомиясы, көбею, жүктілік пен босану туралы түсінік алғаны дұрыс. Жасөспірімнің денесінде болып жатқан өзгерістер ол үшін күтпеген жағдай болмауы керек.

"Ұяламын": анасы қызына етеккір тақырыбын қалай түсіндіруі керек?

bbc.com

Маман пікірі қандай?

Психолог Ақмарал Орынбаева бұл тақырып қоғамдағы өзекті мәселе екенін айтып, бала дамуына қарай ерекшеліктеріне тоқталды. 

parents.ru

"5-6 жастағы бала да кейде тығылып, порнографиялық мультфильмдер қарайды"

"Бұл әр баланың жетілуіне байланысты. Кейде 9 жастағы баланың ой-санасы, физиологиялық тұрғыда денесі ерте дамиды. Кейбір қыз балаларға 8-9 жастан бастап етеккір келсе, кей қыздарға 13-14 жаста келеді. Сондықтан қатып қалған қағида жоқ. Балаңыздың өз ерекшелігіне мән берсеңіз, балаңыздың ерте есейіп жатқанын сезсеңіз, осы тақырыпта сөйлесе бастаған дұрыс. 5-6 жастағы бала да кейде тығылып, порнографиялық мультфильмдер қарайды. Сондықтан ата-ана баланың жыныстық қатынасқа көзқарасын ұялы телефонынан байқаса, демек, сөйлесетін уақыт келді деген сөз. Кейбір ата-аналар айғайлап ұрысып, "тым ерте жетіліп кеткенсің" деп шектеу қояды. Ата-ана шектеу қойғанда, баланың қызығушылығы тоқтап қалмайды. Ата-анадан жасырынып, бала Интернеттен қарайды. Балаға ата-анадан артық жан жоқ, одан артық жақсы түсіндіретін ешкім жоқ. Сол үшін үйдегі балаңыздың қалай жетіліп келе жатқанына мән беріңіздер", - дейді ол.

"Капустадан шықтың, әкең "ақ" дегенде аузынан түстің"

"Қызыңызда 9 жастан бастап етеккір келіп, сыртқы пішінінде өзгеріс болса, қорықпаңыз, баланы да қорқытпаңыз. Бірге отырғанда, фильмде актерлер сүйісіп жатса да жайлап түсіндіріңіз. Ал сізге "бала қайдан пайда болды" деген сұрақ қойылса, "капустадан шықтың", әкең "ақ" дегенде аузынан түстің" деген қазақи баяғы түсінікпен түсіндіруге болмайды. Сондықтан ұрпақ тәрбиелеп отырған адамның бірінші өзі сауатты болуы керек. Балаға өзіңіз түсіндіру үшін, көп нәрсе оқып, оны қарапайым бала тілінде түсіндіруге тырысыңыз. Қазір 13-14 жаста жүкті болып жатқан қыздар бар. Үйінде осы тақырыпты ашық түсіндіре алмаған соң, кейбір ер балалар өсе келе зорлық-зомбылыққа да барады. Зорлыққа-зомбылыққа бармас үшін ер балалардың кішкене күнінен бастап санасына оның арты адам өміріне зиян тигізуі мүмкін екенін түсіндіру керек. Бұл жерде адам тағдыры барын ұғындыру керек. Қазір балалар ерте есейеді. Балаңызға сіз айтпаған дүниені көшедегі адамдар түсіндіруі мүмкін. Сондықтан жеке шекара мәселесін де түсіндіру керек", - дейді маман.

76.ru

Маманның сөзінше, ата-ана баламен әрқашан еркін қатынаста болу қажет.

"Бала шошып кетпеуі үшін оған дейін емін-еркін қарым-қатынас болуы керек. Өсіп келе жатқан баланың сізден жасыратын дүниесі болмауы қажет. Әкесін немесе анасын шын жанашыр досы деп қабылдаса, бала шошымайды. Керісінше, бала санасында ерте қарым-қатынасқа баруға болмайтыны туралы түсінік қалыптасады", - дейді психолог.

Құмарлық пен жеккөрініш

"Ата-ана мен бала арасында еркін қарым-қатынас орнаса, фильм немесе мультфильмдегі осындай іс-әрекеттерге, порнографиялық сипаттағы фильмдерге қызықпайды. Ал бұл тақырып айтылмаған отбасындағы балаға қызық болады. Бұл сипаттағы фильмдерді көріп отырған балаларда екі түрлі реакция болуы мүмкін, бірінде - жеккөрініш, екіншісінде - құмарлық", - дейді маман.

Біле жүріңіз. Маманнан кеңес:

1) Балаға бұл қалыпты жағдай екенін, әртүрлі ауру жұқтырмас үшін кез келген адам қатынасқа түсу бүкіл өмірін қор қылатынын түсіндіру керек. Ер бала да, қыз бала да бұл мәселеде өте сауатты болуы қажет. Өйткені қазір жыныс жолымен тарайтын ауру түрі де көп.

versiya.info

2) Қазақ "сақтансаң сақтаймын" дейді. Бұл тақырыпта балаңызбен еркін сөйлесу арқылы оны мына нәрселерден сақтандырасыз: жыныстық қатынасқа ерте түсуден, жыныстық қатынас құрбаны болудан, түрлі жұқпалы аурулардан.

Еске салайық, бұған дейін балаларда жыныстық түсінік қашан қалыптасатыны турал материал жарияланған болатын.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!