Қытайда iPhone зауытындағы жұмысшылар жаппай қашып кеткен

Қытайда iPhone зауытындағы жұмысшылар жаппай қашып кеткен
Фото: Желідегі видеодан алынған кадр

Қытайда iPhone шығаратын әлемдегі ең ірі зауыт қызметкерлері COVID-19 өршігеннен кейін жұмыс орнынан жаппай қашып кетіп жатыр, - деп хабарлайды DW.

Басылым мәліметінше, Foxconn басшылығы коронавирус өршуіне байланысты Чжэнчжоу зауытында шектеулер енгізген. Қызметкерлерге зауыт аумағында тамақтануға тыйым салынған, кампуста қозғалыс шектелген және N95 маскаларын тағу міндеттелген.

Агенттік мәліметінше, мұндай шаралар жұмысшылардың наразылығын тудырған, ал кейбіреулері зауыттан кетіп қалған.

Әлеуметтік желілерде тараған кадрларда жұмысшылардың Чжэнчжоудағы Foxconn кампусынан кетіп жатқаны, COVID-19-ға байланысты енгізілген шектеу салдарынан туған қалаларына жаяу оралып жатқаны көрінеді.

Foxconn компаниясы өкілдерінің айтуынша, жағдайды бақылауда ұстайды және коронавирус шектеулерінен келетін шығынды жою үшін компанияның басқа зауыттарында өндірісті ұлғайту жоспарланған.

Bloomberg агенттігі мәліметінше, көптеген қызметкердің жұмыс істегісі келмегендіктен, Foxconn компаниясы iPhone 14 шыққан кездегі қыркүйекпен салыстырғанда, негізгі жұмысшылар үшін сағаттық жалақыны 36 пайызға арттыруға мәжбүр болған.

Тайвань фирмасы тапсырысқа кедергі келтірмеуі үшін басқа жерлерде, мысалы, Шэньчжэньде өндірісті ұлғайтуды жоспарлап отыр. 

Foxconn - iPhone өндіруші ең ірі компания. Ол бүкіл әлем бойынша iPhone смартфондарының жеткізілімінің 70 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Чжэнчжоудағы кез келген ақау Apple өнімдерінің жеткізіліміне кері әсер етуі мүмкін.

Еске салайық, бұған дейін Қытайдағы Диснейлендте карантин жарияланып, мыңдаған келуші оқшауланғаны хабарланған болатын. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова