"Бұл жағдай әр үйде кездеседі". Қарақат Әбілдина тіл мәселесіне қатысты пікірін айтты

"Бұл жағдай әр үйде кездеседі". Қарақат Әбілдина тіл мәселесіне қатысты пікірін айтты
Фото: Instagram/karakat_a

Әнші Қарақат Әбілдина балалар тілі шұбарланып бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп, пікірін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өнер иесі бұл туралы Instagram-парақшасында бөлісті. Ол сондай-ақ, жазба астында #ментекқазақшасөйлеймін хэштегін қолданған. 

"Тіл мәселесі мені бұрыннан алаңдатады… Үйде ұлдармен, Аяламмен көп сөйлесуге тырысамын. Ойын тыңдаймын, пікірін, қалауын сұраймын. Қиялына ерік беруге жағдай жасап, көбіне баламен бала болып әңгімелесемін. Өздеріңіз байқағандай, арасында орысша қосып қояды. Таза қазақи отбасында тәрбиеленіп жатқан баланың өзі орысша қосып сөйлейтін заман болды ғой бұл. Бұл жағдай әр үйде кездеседі. Тіл шұбар… 

Отбасында өз тілінде сөйлетесің, ал ортасы - мектеп, балабақшадағы достарының тілі орысша. Одан қалды әлеуметтік желі, балаларға арналған контенттің көбі шүлдірлеп тұр. Солай екен деп еркіне жіберіп, жоқ қып тастауға болмайды. Қалай болғанда да, күресуіміз керек. Тілді таза сақтауға тырысу - әр қазақтың міндетті.

Әркім де өзімізден, содан соң алдымыздағы баладан бастайық. Ой-қиялын өз тілінде жеткізуіне көмектесіп, баланың еркін сөйлеуіне жағдай жасайық. Ана тіліне баппен баулып өсірейікші баланы. Бәрі өзіміздің қолымызда. "Тіл болмаса, ұлт та болмайды. Тілі өлсе ұлт бүтіндей өлген, жоғалған ұлт болады". Тілімізді сақтайық, сатпайық, жақсы адамдарым", - деп жазды өнер иесі парақшасында. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Karakat Abildina (@karakat_a)

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек