"Алматы жастары" ипотекалық бағдарламасының қорытындысы шықты

"Алматы  жастары" ипотекалық бағдарламасының қорытындысы шықты
Фото: Tengrinews.kz / Әлихан Сариев

"Алматы жастары" жеңілдетілген несие беру бағдарламасы аясында өтінімдерді қосымша іріктеудің қорытындысы шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Алматы қаласы коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Алматы қаласы әкімдігі 10-14 қазан аралығында www.almaty-zhastary.kz сайты арқылы "Алматы жастары" қалалық жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасына қатысу үшін өтінімдерді қосымша іріктеу жүргізген болатын. 

Бағдарламаға биыл негізгі конкурстық іріктеу кезеңінде (биыл 18 мамырдан 1 маусымға дейін) өтінім берген, бірақ құжаттардың дұрыс толтырылмауына, рәсімделмеуіне, берілмеуіне байланысты өтпеген өтініш берушілер ғана қатысты.

Өтініштер мен құжаттарды қабылдау қорытындысы бойынша 2135 қатысушы өз өтінімдерін қайтадан жүктеп, жаңартты. Барлық келіп түскен өтініш пен құжаттың бағдарлама талаптарына сәйкестігі тексерілген және әр сала бойынша ең көп жинаған баллдар саны бойынша тізім қалыптастырылған. 

Іріктелген қатысушылардың тізімі, резервке енгізілген және қабылданбаған қатысушылардың тізімдері өтінімдерді қабылдау сайтында орналастырылған.

Іріктелген 183 үміткерлерге сайттағы жеке кабинетке "Отбасы банк" АҚ төлем қабілеттілігін растау үшін жолдама берілді.

Еске салайық, осы бағдарлама аясында кемінде 1000 несие беру жоспарланған. Бүгінде бағдарлама бойынша 829 қатысушы баспаналы болды, тағы 27 қатысушы баспана іздеп жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина