Кепілгер болудан қалай бас тартамыз?

Кепілгер болудан қалай бас тартамыз?
Фото: TengriNews/Тұрар Қазанғапов

Қарыз алушы кредитор алдында төлеу қабілетін растай алмаса, ол кепілгер (гарант-еск.) арқылы несие рәсімдей алады. Бұл жағдайда сізге кепілгер болуға ұсыныс түссе не істеу керек? Кепілгер кепіл туралы шартты қалай бұзып, міндеттемелерінен қашан бас тарта алады? Кепілдік мерзімі қашан тоқтайды?  Massaget.kz тілшісі бұл сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Кепілгердің құқығы қандай?

Fingramota.kz сайтының мәліметінше, кепілгер борышкердің кредитор алдындағы міндеттемені орындауы үшін жауап береді. Егер борышкер кредитордан жалтарса, өз міндеттемелерін орындамаса, онда бұл жағдайда банк кепілгерге жүгінеді. 

Кепілгер несие берушімен арадағы кепілдік шартының талабы орындалмай жатқанын байқаған болса, қарсылық білдіруге құқылы. Борышкер бұл қарсылықпен келіспесе де немесе өзінің қарызын мойындаса да, кепілгер құқығы өзгермейді.

TengriNews/Тұрар Қазанғапов 

Егер кепілгер кепілдік шарты бойынша өз міндеттемесін орындаған болса, онда ол борышкерден өзіне келтірілген залалдың орнын толтыруды талап етуге құқылы. Бұл негізгі міндеттемені, яғни несиені төлеу де, несие берушіге төленген сома үшін тұрақсыздық айыбы мен сыйақыны төлеу де, борышкердің жауапкершілігіне байланысты басқа да шығындарды өтеу болуы мүмкін.

Егер кепілгер кредитор алдындағы міндеттемені орындаған жағдайда, онда ол кредитордан негізсіз алынған талап етуді өндіріп алуға не борышкерге талап қоюға құқылы.

Егер борышкер банк алдындағы міндеттемесін орындаса, ол бұл туралы кепілгерге хабарлауға тиіс.

elements.envato.com

Кепілдік қашан тоқтайды?

Кепілгер банк алдындағы міндеттемелер орындалған жағдайда шартта көрсетілген жауапкершіліктен босатылады. Кепілдіктің қолданыс мерзімі кепілдік шартында келісіледі. Егер кепілдіктің қолданыс мерзімі қандай да бір себептермен шартта көрсетілмесе және кредитор кепілдікпен қамтамасыз етілген міндеттемені орындау мерзімі басталған күннен бастап бір жыл ішінде кепілгерге талап қоймаса, онда кепілдік тоқтатылады. 

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 336-бабына сәйкес, егер берілген қарыз бойынша барлық міндеттеме жабылса, кепілдік тоқтатылады. Сонымен қатар, кепілгер шарт талаптары өзгерген кезде несие бойынша жауапкершілікті тоқтата алады. Қарыз басқа тұлғаға ауысқан, яғни қарыз алушы өзгерген жағдайда, кепілгер өзіне алған міндеттемелерден бас тартуға құқылы.

Pixabay

Еске салайық, бұған дейін несие алғанда кепілгер болудың қаупін заңгер Лаура Жолшыбаева айтып берген еді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек