ЕО мен АҚШ уәде еткен көмек. Украинадағы жағдай қандай?

ЕО мен АҚШ уәде еткен көмек. Украинадағы жағдай қандай?
Фото: facebook.com/AFUkraine

Ресей президенті Владимир Путин тағы мәлімдеме жасады. Оның сөзінше, Батыс елдері бұл соғыста лас ойын жүргізіп отыр. Massaget.kz тілшісі Украинадағы кейінгі оқиғаларға шолу жасады.

Қырым электр станциясы ұшқышсыз шабуылдан зардап шекті

Қырым билігі түбектегі жылу электр станциясына түнде ұшқышсыз шабуыл жасалғанын мәлімдеді. Бірақ ол айтарлықтай зиян келтірмеген.

"Бүгін түнде Балаклава жылу электр станциясына ұшқышсыз ұшу аппараттары шабуыл жасады. Трансформатор көп зақымдалған. Зардап шеккендер жоқ", - деді Ресей сайлаған Севастополь губернаторы Михаил Развожаев Telegram-да.

Сонымен қатар, Украинаның орталық аймақтарындағы электр желісінің зақымдануы электр қуатының жұмысы тоқтауына әкеп соққан. Электр қуатының жеткізілуі одан әрі де шектелуі мүмкін.

"Орталық аймақтардағы украиналық энергетикалық жүйесінің негізгі желісіндегі жабдықтар бүлінген", - делінген "Украэнерго" энергетикалық жүйесі операторының Telegram-хабарламасында.

АҚШ Украинаға жаңа әскери көмек пакетін бөледі

Ақ үй Украинаға 275 миллион доллар көлемінде әскери көмек көрсетуді жоспарлап отыр. Пакетке Украинаның қарсы шабуылында шешуші роль атқарған жоғары мобильді артиллериялық зымыран жүйелерінің (HIMARS) оқ-дәрілері мен қосымша ұшыру қондырғылары кіруі мүмкін. АҚШ бұған дейін Украинаға Ресейдің шабуылына көмектесу үшін 17 миллиард доллардан аса қаражат жұмсаған.

 ЕО мен АҚШ-тың Украинаға уәде еткен көмегі 2023 жылға дейін жетеді - ХВҚ басшысы

ХВҚ басшысы Кристалина Георгиеваның айтуынша, соғыс күшеймесе, АҚШ пен Еуропаның Украинаға бөлетін қаржылық міндеттемелері 2023 жылға дейін жетеді.

Қадыров генерал-полковник Лапинді тағы да сынға алды

Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров генерал-полковник Александр Лапинді сынға алды. Республика басшысының айтуынша, Лапин бірнеше күн бойы байланысқа шықпаған. Қадыров генерал жауапты болған бірнеше елді мекендегі Украина қарулы күштерінің әрекеті туралы сөйлескісі келеді.

"Онымен Терна, Торское және Ямполовка елді мекендерінің қорғаныс шебіндегі жаудың серпілісі туралы сөйлескім келеді. ...Жаудың өз учаскесінде алға жылжуын тоқтатуға көмектесу үшін қаланы қорғаныстан алып тастау және бір күшейтілген батальон мен бір ротаны ауыстыру туралы шешім қабылданды", - деп жазды Қадыров Telegram-да.

Путин Батыс бәсекелестерді тежеу үшін санкцияларды қолданатынын мәлімдеді

Ресей президенті Владимир Путин Батыс елдерін қарсыластарына қарсы экономикалық санкция мен "түрлі-түсті революцияларды" қолданды деп айыптады. Сонымен қатар, Путин олар Азияның өсіп келе жатқан экономикалық және саяси күшімен адал бәсекеге түсе алмайтынын мәлімдеді.

"Батыс елдері өздерінің үстемдігін және екінші дәрежелі өркениет деп санайтын нәрселерді сақтау үшін халықаралық қатынас ережелерін ысырып тастады. Батыс ақпанда Ресей әскері шабуыл жасаған Украинаға қатысты қауіпті, қанды әрі лас ойын жүргізіп отыр", - деді ол.

Путин Украинада ядролық қаруды қолдану туралы ақпаратты жоққа шығарды және Украинаның "лас бомбаны" қолданғысы келетінін айтты. Ол алдағы онжылдық Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан бергі ең "қауіпті" болатынын мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін Украинада қанша қазақстандық қалғаны белгілі болған еді. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова