"Әйелді сүндеттеу" деген не? Ол Ислам дінінде бар ма?

Әлемнің кейбір елінде әйелдерді де сүндеттеу барын білесіз бе? Бұл Ислам дінінде бар ма? Жалпы, "әйелді сүндеттеу" деген не? Massaget.kz тілшісі ол не екенін түсіндіреді.

"Әйелдерді сүндеттеу" деген не?

"Әйелдерді сүндеттеу" - әйелдің жыныс мүшесінің кей бөлігін әдейі кесіп тастау. Ол кей елде ішкі ритуал ретінде жасалады. Жасы да әртүрлі - 10-нан 49-жасқа дейін. 

Біріккен Ұлттар Ұйымы мен адам құқығы жөніндегі ұйымдар дабыл қағып жатыр - бұл адам құқығын бұзу ретінде қарастырылады. БҰҰ мәліметінше, бүгінде бүкіл әлемде 200 миллионға жуық қыз сүндеттелген.

Әлемде мұндай сүндеттеу "әйелдердің жыныс мүшесін зақымдайтын операция" деп аталады.


Фото BBC сайтынан

"Әйелдерді сүндеттеу" нақты қай елдерде және қашан жасалатыны туралы ақпарат жоқ, себебі мұндай статистика жүргізу қиын. БҰҰ ақпаратына сүйенсек, мұндай операциялар Африка мен Таяу Шығыс елдерінде, Азия мен Латын Америкасының кей елінде жасалады. Жалпы айтқанда, мұндай "сүндеттеу" 93 елде бар екен.

"Бұл осы залал тәжірибенің жаһандық сипатын және оны жою үшін жаһандық, жан-жақты әрекет ету керегін көрсетеді", - делінген БҰҰ хабарламасында.

93 елдің ішінде көршілес Ресей, Грузия бар. АҚШ, Ұлыбритания және еуропалық елдердегі кейбір диаспора да әлі мұндай тәжірибені қолданады екен. 


Фото europa.eu сайтынан

Ол не үшін қажет?

Әйелдерді сүндеттеу не үшін қажет? Мұның бәрі тереңдеп кеткен гендерлік теңсіздіктен шыққан. Мұндай операция жасалатын елдерде ерлер де, әйелдер де көп жағдайда "сүндеттеуді" қолдайды. Егер қолдамаса, қоғамның сөзіне қалуы мүмкін.

Әйелдерді сүндеттеу бес дәрежеге бөлінеді:

  • Псих-сексуалдық себептер: жыныс мүшелерінің бөліктері, әсіресе деліткі жойылмаса, әйел сексуалдық тұрғыда тойымсыз болады деп айтылады. Бұл некеге дейін пәктікке және одан кейінгі адалдыққа кепілдік береді, сонымен қатар ерлердің жыныстық ләззатын арттырады деп саналады.
  • Социологиялық және мәдени себептер: операция қыздың әйел болу бастамасы және қауымдастықтың мәдени мұрасының ажырамас бөлігі ретінде қарастырылады. Кейде әйелдің жыныс мүшесі туралы мифтер де соған итермелейді. Мысалы, кесілмеген деліткі үлкен болып өсіп кетеді деген жалған ой бар.
  • Гигиеналық және эстетикалық себептер: кейбір қауымдастықта әйелдің сыртқы жыныс мүшесі лас және ұсқынсыз болып саналады және олар гигиеналық және эстетикалық тартымдылық үшін алып тасталады.
  • Діни себептер: "әйелді сүндеттеуге" Исламда да, Христианда да рұқсат жоқ, бірақ кейбірі бұл дінде бар деген жаңсақ ойда жүр. "Әйелді сүндеттеу" - бұл діни емес, мәдени ғұрып. Негізінде, көптеген діни жетекші мұндай ғұрыпқа қарсы.
  • Әлеуметтік-экономикалық факторлар: көптеген қауымдастықта неке кезінде басты талаптың бірі "әйелдің сүндеттелуі" болып саналады. Әйелдер ер адамдарға қатты тәуелді жерлерде экономикалық қажеттілік процедураның негізгі қозғаушы күші болуы мүмкін. Операция кейде мұрагерлік құқығын алудың міндетті шарты болып саналады.

Бұл Ислам дінінде бар ма?

Құранда "әйелдерді сүндеттеуге" қатысты ештеңе жазылмаған. ЮНИСЕФ демеушілігімен демографиялық зерттеулердің халықаралық ислам орталығы "Әйелдерді сүндеттеу: ғылымды теріс пайдалану мен ілімнің қате түсіндірмесі" атты баяндама әзірлеген. Онда былай деп жазылады:

"Операция пікірталастары мен қайшылықтарының ұзақ тарихы бойына жетекші дін мамандары өз пікірлерін қалыптастыру үшін медицина ғылымына сүйенді. Сондықтан медицина ғылымында мұндай операцияның пайдасы туралы пікір үстемдік еткен заманда мұсылман фақиһтары оларды макрама (сауапты іс) деп жариялаған. Макрама сөзі оның діни парыз (уақиб) немесе Пайғамбар ұсынған сүннет екенін білдірмейді; керісінше, әр уақытта адамдардың білімі мен түсінігі әсер еткен әдет сияқты нәрсе".

Авторлар бұл пікірталас бұрын шыққанын атап өтеді: Ислам көзқарасы бойынша "әйелдерді сүндетке отырғызу" деген мәселе 1940-1950 жылдары діни журналдарда көтерілген.


Фото: The African Exponent

"Денсаулыққа әсер ету қаупі бар"

БҰҰ мәліметінше, мұндай әр бесінші операцияны медицина қызметкерлері жасайды. Ондайды көбіне Мысыр, Судан, Кения, Нигерия мен Гвинеядан табуға болады. Қалған жағдайда жергілікті емшілер, халық арасынан шыққан адамдар жасайды.

Көпшілік арасында мұндай операцияларды дәрігерлер жасаса қауіпсіз әрі заңды деген түсінік бар, алайда құқық қорғаушылар мұндай оталарды дәрігерлердің жасауы да қауіпті деп санайды. 

"Алайда "әйелді сүннеттеу" қауіпсіз бола алмайды, оны медициналық тұрғыда ақтауға болмайды. Процедураны дәрігер жасаса да денсаулыққа әсер ету қаупі бар - қазір немесе кейін. Қайткен кезде де, операция денсаулық құқығын, зорлық-зомбылықтан азат болу құқығын, өмір сүру құқығын және физикалық қол сұқпауды, кемсітуге жол бермеу құқығын және қатыгездік, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын әрекеттерден азат болу құқығын бұзады", - делінген БҰҰ хабарламасында.


Угандадағы әлеуметтік жарнама

"Әйелді сүндеттеудің" физикалық және психологиялық тұрғыда жаман әсері көп. Хирургиялық процедура антисанитария жағдайында және анестезиясыз болса, әйел шок алып, инфекция жұқтыруы мүмкін.

"Ашық жараның үстіне тұз сепкендей"

БАҚ-та осындай операциялардан кейін қыз қайтыс болғаны жиі жазылады. The Guardian мәліметінше, былтыр ғана Сомолиде 13 жастағы қыз қайтыс болған. ABC News ақпараты бойынша, 2020 жылы Мысырда 12 жастағы қыз дүниеден өтіпті. 2018 жылы CNN Сьерра-Леоненің 10 жастағы тұрғыны "сүндеттелгеннен" кейін қайтыс болғанын жазыпты.

Сомалилік қыз осындай процедурадан кейін дәретханаға қалай барғанын айтып берген.

"Физиологияңыз өзгергенін алғаш рет дәрет сындырғанда байқайсыз. Ашық жараның үстіне тұз немесе ащы бұрыш сепкен секілді - дәл солай ауырады... Дәрет сындыру қиын, тамшы болып шығады. Бір барғанда төрт немесе бес минут отырасыз - сол уақыт бойы қатты ауырады", - деп келтіреді оның сөзін BВC басылымы.


Фото: Reuters

2012 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы әйелдердің жыныс мүшесіне операция жасауға қарсы резолюция қабылдады. Заңдар Африканың 20-дан аса елінде, Ұлыбританияда, Аустралияда, Колумбияда, Италияда, Португалияда және АҚШ-та әзірленген.

Дүниежүзілік банктің 2021 жылғы "Әйелдердің жыныс мүшесін кесу жөніндегі халықаралық және ұлттық құқықтық нормалар жинағы" басылымына сәйкес, әлемнің 84 елінде "әйелді сүндеттеуге" тікелей тыйым салынады немесе қылмыстық кодекс, балаларды қорғау туралы заңдар, тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңдарда қудалау қарастырылған. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!