753 миллион теңге шығын: Павлодарда зауыттың бұрынғы бас директорлары сотталды

"Павлодар мұнай-химия зауыты" ЖШС-нің бұрынғы басшылығына сот үкімі шықты. Сотталғандар арасында кәсіпорынның бұрынғы бас директоры Оспанбек Әлсейітов пен Шухрат Данбай бар. Билігін асыра пайдаланғаны үшін олар 3 жыл 6 айға бас бостандығынан шектелді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сот Павлодар мұнай-химия зауытының бұрынғы бас директоры мен топ-менеджеріне қатысты қылмыстық істі қысқартылған тәртіпте қарады.

Іс материалдарына сәйкес, сотталушылар 2017 жылдан бастап 2022 жылдың ақпанына дейінгі аралықта зауыттың лауазымды тұлғалары бола тұра, алаяқтық және қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану арқылы мемлекетке 753 миллион 189 мың 541 теңге залал келтірген.

"Сотталушылар әрқайсына тағылған қылмыстық құқық бұзушылықты жасаудағы кінәсін толық мойындады, келтірген залалын толық өтей отырып, жасаған істеріне өкінді", - деп атап өтті соттың баспасөз қызметіндегілер.

Сот Оспанбек Әлсейітов пен Шухрат Данбайды Қылмыстық кодекстің 361-бабы, 4-бөлігі, 3-тармағы ("Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану") бойынша кінәлі деп танып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесті.

Ал үшінші айыпталушы Ержан Атақұлов аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін шартты түрде 5 жылға сотталды. Сонымен қатар, ол 10 жыл мерзімге қаржы және коммерциялық ұйымдарда басшы қызметтерді атқару құқығынан айырылды.

Сотталғандарға пробациялық бақылау белгіленеді. Оларға ескертусіз тұрақты тұрғылықты жерін, жұмысын өзгертуге, мейрамханалар мен басқа да ойын-сауық орындарына баруға тыйым салынады.

Еске салайық, Оспанбек Әлсейітовтің ұсталғаны биыл ақпанда белгілі болған. Павлодар облысы бойынша ҚМА аумақтық департаменті "Павлодар мұнай-химия зауыты" ЖШС бас директоры Әлсейітовке және басқа да тұлғаларға қатысты Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша "ПМХЗ" ЖШС-нің дизель отынын өндіру процесін құрамдастыру жөніндегі функцияларын аутсорсингке заңсыз иеліктен шығару дерегі бойынша соталды тергеу жүргізіліп жатқаны хабарланған. Кейінірек "Атырау мұнай өңдеу зауыты" ЖШС бұрынғы бас директоры Шухрат Данбай ұсталғаны айтылған, ол да бұған дейін "ПМХЗ" ЖШС-ін басқарған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!