Елорда тұрғындары Астананың Бас жоспарын талқылауға шақырылды

Елорда тұрғындары Астананың Бас жоспарын талқылауға шақырылды
Фото: Тұрар Қазанғапов

Астана тұрғындары елорданың бас жоспары жобасын талқылауға шақырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы "Астана бас жоспары" ҒЗЖИ" ЖШС-мен бірлесе отырып, "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасы заңының 13-бабына сәйкес елорда тұрғындарын Астана қаласының 2035 жылға дейінгі бас жоспары жобасымен танысу және талқылау үшін шақырады", - делінген хабарламада.

Бас жоспардың жобалық шешімдерінің көрме материалдарымен 2022 жылғы 15 және 18 қарашасы аралығында "Астана бас жоспары" ҒЗЖИ" ЖШС ғимаратының көрме залында Астана қаласы, Мәмбетов көшесі, 22 мекенжайы бойынша танысуыңызға болады.   

Қоғамдық талқылау барысын оңтайландыру мақсатында жобалық материалдар Астананың әкімшілік аудандары бойынша ұсынылады:    

15 қараша - "Алматы" ауданы;

16 қараша - "Байқоңыр" ауданы;

17 қараша - "Есіл" ауданы;

18 қараша - "Сарыарқа" ауданы.

Ғимаратқа жеке куәлікті көрсеткен жағдайда ғана кіруге болады.  

"Жобаға қатысты ұсыныстар мен ескертулеріңізді genplan_2035@mail.ru электрон мекенжайға жіберулеріңізді сұраймыз. Елордамыздың өміріне белсенді қатысқаныңыз үшін алғысымызды білдіреміз!" - делінген хабарламада.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек