Сот ҚазҰУ-дың бұрын иеліктен шығарылған жерлерін қайтарды

Сот ҚазҰУ-дың бұрын иеліктен шығарылған жерлерін қайтарды
Фото: 2gis.kz

Сот Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бұрын иеліктен шығарылған жерлерін қайтарды. Бұл туралы қаланың Жер ресурстарын басқару департаменті өкілі айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитеті Алматы қаласының Жер ресурстарын басқару департаменті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті аумағының бір бөлігін иеліктен шығару қаншалық заңды екеніне тексеріс жүргізді. Алматы қаласы әкімдігінің тексеріс нәтижелері бойынша қолданыстағы заңнаманың талаптары бұзылғаны, университеттің жер учаскесінің бір бөлігін иеліктен шығару бойынша қаулы заңсыз қабылданғаны анықталды", - делінген хабарламада.

Департамент "Алматы қаласы әкімінің аппараты" КММ, "Алматы қаласы жер қатынастары басқармасы" КММ, Omirex ЖШС, Atlas Development ЖШС және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға қаулылар мен сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы талап арыз берді.

"ҚР Жер кодексінің 43, 48-баптарының нормаларын бұзылғаны дәлелденді, мемлекеттік айыптаушы дәлелдерді қолдады. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 21 қазандағы шешімі бойынша, судья Д.С. Нұрбековтің төрағалығымен Алматы қаласының Жер ресурстарын басқару департаментінің талап арызы қанағаттандырылды. Яғни сот қаулылар мен сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп таныды", - делінген Алматы қаласының Жер ресурстарын басқару департаментінің хабарламасында.

Айта кетейік, жер қатынастары жөніндегі заңгер Бақытжан Базарбек Facebook-парақшасында осы мәміле нәтижесінде университет аумағы 0,779 гектарға қысқарғанын жазған еді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова