"Астана - Қарағанды" тасжолында адамдарға оқ атқан күдікті ұсталды

"Астана - Қарағанды" тасжолында адамдарға оқ атқан күдікті ұсталды

Ақмола облысының полицейлері "Астана - Қарағанды" тасжолында адамдарға мылтықтан оқ атқан күдіктіні ұстады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Биыл 6 қыркүйекте Аршалы аудандық полиция бөліміне елорданың 19 жастағы тұрғыны арызданып, Жібек Жолы кенті маңында белгісіз тұлғалар оған тиесілі Toyota Land Cruiser-200 автокөлігіне зақым келтіргенін айтқан.

"Оқиға орнына дереу жеткен жедел-тергеу тобы "Астана - Қарағанды" тасжолында белгісіз адамдар арасында жанжал туғанын анықтады. Куәгерлердің айтуынша, қаскөйлердің бірі оқиға қатысушыларына мылтықтан бірнеше рет оқ атқан. Полицейлер оқиға орнынан атылған гильзалар мен газ баллонын тәркіледі. Сараптама тағайындалды", - делінген хабарламада.

Жүргізілген тергеу және жедел-іздестіру шаралары барысында қылмысты жасады деген күдікті анықталып, ұсталды.

"Ол бұған дейін ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған Астана қаласының 39 жастағы тұрғыны болып шықты.
Тінту іс-шаралары барысында күдіктіден заттай дәлелдер, атап айтқанда Наган тапаншасы және 57 оқ тәркіленді. Аршалы полиция бөлімі осы дерекке сәйкес ҚР ҚК 293-бабының 3-бөлігі "Бұзақылық" бойынша соталды тергеуді бастады. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деді полиция өкілдері.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Г. Досымшалова