"Әдебиет пәні, бастауыш сынып мұғалімі". Шоу-бизнестегі танымал жұлдыздардың мамандығы қандай?

Бүгінде шоу-бизнесте жүрген танымалдардың бәрі бірдей арнайы музыкалық немесе актерлік білім алмаған. Соның дәлелі - қазақ өнері тарихында жарқын ізін қалдырған "Дос-Мұқасан" тобы. Топ 60-жылдары Қазақ политехнологиялық иниститутының (қазіргі Қазақ мемлекеттік ұлттық техникалық университеті) жанынан құрылған. Сәйкесінше, олардың мамандықтары да өнерден алыс. Massaget.kz тілшісі қазір шоу-бизнесте жүрген танымал өнер адамдары қандай мамандықты бітіргеніне шолу жасады. 

Бастауыш мұғалімі

Yenlik атты әнші DOP, "Бір кем дүние" секілді әндерінен кейін жастар арасында бірден танымал болған еді. Алайда оның негізгі мамандығы мүлде басқа. Ол филолог мамандығын бітірген. Бұл туралы "Түнгі студия" бағдарламасында өзі де тарқатып айтып берген еді. 

Әншінің сөзінше, болашақта қайта өз мамандығын жалғастырса, шетелден білімін жетілдіріп келеді.

"Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде оқыдым, негізі филологпын, шетел филологиясын бітірдім. Университеттен кейін мұғалім болып жұмысқа тұрдым. Қазір мектептен шығып кеттім. Мектепте 3 жыл жұмыс істедім. Бастауыш сынып мұғалімімін. Бастауыш сыныптарға ағылшын тілінен сабақ бердім", - деген еді әнші сұхбаттарының бірінде.

Айта кетейік, жастардың сүйікті әншісіне айналған Raim да ағылшын тілі пәнінің мұғалімі әрі ол ауылда бірнеше жыл осы салада жұмыс істеген.

Экономист

Актер Санжар Мәдиевті қалың көпшілік "Әмре", "Алтын орда" секілді фильм-сериалдардан жақсы біледі. Алайда ол да арнайы актерлікке баулитын оқуды оқымаған.

Ол мектеп бітірген соң экономика факультетіне түскен. Ал дипломын алған соң магистратураға және Өнер академиясына тапсырған. Осылайша, экономика министрі әрі режиссер мамандықтарын алған.

Заңгер

"Қара шаңырақ", "Районы", "Кәсіпкерлер" секілді туындыларда өнер көрсеткен актерлердің бірі Шәріп Серік Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған.

Ал ол алғаш 2013 жылдардан бастап кино әлеміне қадам басқан. Қазір блогер актер ретінде танымал.

Бүркіт лақап атымен танымал әнші Айбек Сейітовтың да алғашқы мамандығы заңгер екен. Ол кейінірек құрылыс инженері мамандығын тәмамдаған.

Инженер-механик

Бүгінде қазақ кино әрі сән индустриясының жарық жұлдызына айналған Тәуекел Мүсілімнің де негізгі мамандығы басқа. Ол машина жасау саласында "инженер-механик" мамандығын тәмамдаған. Бірақ ол бұл жолда қалмаған, 2007 жылы сән әлеміне келген.

Ал 2008 жылдан бастап көрсетілімдерге шыға бастаған. Кейінірек сериал-фильмдерге шақырту алып, тіпті өзін тележүргізуші ретінде де байқап көрген.

Әнші Айқын Төлепберген де "инженер" мамандығы бойынша білім алған екен. Ол Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық университетін тәмамдаған.

Ал өнер әлеміне Superstar.kz жобасына қатысқаннан кейін келіп, үлкен сахнаға шығып, таныла бастаған.

Әдебиет пәнінің мұғалімі

2003 жылы құрылған "Жігіттер" тобындағы Ердос Қанаев та арнайы музыкалық білім алмаған екен.

Ашық дереккөз мәліметтерінде оның "қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі" мамандығын меңгергені айтылады.

Мұнайшы

"Жігіттер" тобындағы Айдар Тұрғанбектің де мамандығы мүлде басқа.

Ашық дереккөз мәліметтеріне сүйенсек, қазір эстрада саласында жүрген әншінің негізгі мамандығы - мұнайшы.

Дизайнер

Әнші Бүркіттің өмірдегі жары Аишаның да арнайы музыкалық білімі жоқ екен. Оның негізгі мамандығы дизайнер екен.

 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!