"Алтын Орда" маңындағы кептеліс мәселесі қашан шешіледі?

"Алтын Орда" маңындағы кептеліс мәселесі қашан шешіледі?
Фото: Сурет: 2gis.kz 

Алматылық жүргізушілер кешке "Алтын Орда" базары мен "Апорт" сауда орталығы маңында байқалатын бірнеше шақырымға созылған кептеліске наразы. Мәселені жолайрық та шеше алмаған, ал оның құрылысы аяқталуға жақын, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алматыда 550 мыңнан аса көлік тіркелген, 200 мың адам күн сайын қалаға келеді. Басқа өңірлерден келетін көліктер мегаполистің төрт ірі "қақпасынан" кіреді: шығыстан Талғар тасжолы бойынша, солтүстік-шығыстан Құлжа трактісі бойынша, солтүстік-батыстан Бұрындай тасжолы бойынша, батыстан Ташкент трактісі бойынша.

Сурет: 2gis.kz

Сондай-ақ, "Алтын Орда" жағынан да көліктер келеді. Сондықтан таңертең мұнда шығыс бағытта көлік кептелісі байқалады. Алайда түсте және кешке жағдай өзгереді. Кірген көліктердің бір бөлігі қаладан шығады, ал екінші бөлігі мегаполистің ең үлкен базарына барады.

Сурет: 2gis.kz

Біраз уақытқа дейін "Апорт" сауда орталығы мен "Алтын Орда" базарының алдында жүргізушілер ретсіз жүрген. Белгі жоқ, көліктер бес жолақтың орнына жеті, тіпті сегіз жолаққа тізілген.

Сурет: 2gis.kz

Алайда мәселе мұнымен аяқталмаған. Қала маңындағы елді мекендердің тұрғындары да жүргізушілердің наразылығын тудырып отыр. Мұнда кейбір адамдар ғана таксиді дұрыс жерден ұстайды екен. Көбі бес жолақ жылдамдық жолының ортасына шығады. Осылайша, жаяу жүргіншілердің ғана емес, жүргізушілер мен жолаушылардың да өмірі мен денсаулығына қауіп төнеді.

Сурет: 2gis.kz

Бұл, әсіресе, кешке байқалады. Ашуланған жүргізушілер не болып жатқанын видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерде жариялап, талай мәрте шенеуніктерді бұл мәселені тезірек шешуге шақырған.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от KRISP ALMATY | КРИСП АЛМАТЫ (@krisp_almaty)

Айта кетейік, 2017 жылдан бастап бұл учаскеде үлкен жоба жүзеге асырылып жатыр. Базар мен сауда орталығы маңында жаңа жолайрық пен 10 жолақты автожол салынып жатыр. Көп ұзамай жұмысшылар барлық жөндеу жұмысын аяқтауы керек.

Қыркүйектің басында бұл учаскеде әр бағытта бетон қоршаулар орнатылған. Осылайша, құрылысшылар "Алтын Орда" мен "Апортқа" баратын жергілікті көліктер, қала сыртына шығатын транзит көліктер ағынын бөлген. Сондай-ақ, қоғамдық көлікке арналған жолақ шағын шекарамен бөлінген.

Сурет: 2gis.kz 

Дегенмен жүргізушілердің айтуынша, көлік ағыны азаймаған. Олардың сөзінше, бұған жаяу жүргіншілер жолының әсері болған. Әсіресе, кешке және түнде көпшілігі қаладан үйге кетіп бара жатқанда байқалады екен.

Жүргізушілердің бірі түсірген кадрларға қарағанда, такси жүргізушілері екі жергілікті жолақтың бірінен тұрақ жасаған. Клиенттерді отырғызу үшін басқа жүргізушілер екінші қатарға тоқтайды. Осылайша, кептеліс жасалады, өйткені артында келе жатқан көліктер бетон қоршау арқылы оларды айналып өте алмайды.

Қарбалас уақытта жаяу жүргіншілер қоршаулардан секіріп, транзит жолақтарда такси ұстайды. Сондай-ақ, кептеліс пайда болады, өйткені жүргізушілер тыйым салынғанына қарамастан, сыртқы жолақтарда тоқтай береді.

Бұған дейін мұндай көріністі қалада да көруге болатын еді. Соның ішінде мына көшелер қиылысында:

- Төле би мен Өтеген батыр;

- Төле би мен Момышұлы;

- Райымбек пен Өтеген батыр;

- Райымбек пен Момышұлы;

- Райымбек пен Әшімов.

Полицейлер жаяу жүргіншілермен күресудің жолын тапқан. Бұл қиылыстарда "Сергек" камералары орнатылған. Енді осы жерде тоқтаған кез келген жүргізуші айыппұл арқалайды.

Осы жағдайға қатысты Алматы қаласы мен Алматы облысы полициясы өкілдері пікір білдірді.

"Қазір жолдың бұл учаскесі "ҚазАвтоЖол" балансында, өйткені бұл республикалық тасжол, яғни әлі қалаға да, облысқа да тиесілі емес республикалық аумақ. Қазір жол желісін қайта құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алгоритм бойынша жол жұмыстары аяқталғаннан кейін автожол Алматы қалалық мобильділік басқармасы балансына беріледі. Бұдан әрі осы ведомство полиция ұсынысы бойынша осы учаскеде камералар орнату туралы мәселені көтереді.

Қазір ол жерге ештеңе істей алмаймыз. Бірақ қала балансына алғаннан кейін міндетті түрде "Сергек" камераларын орнатамыз, сондай-ақ, жолаушылар тарапынан жол қозғалысы ережелерін бұзуды тоқтату үшін басқа да шаралар қолданамыз", - деп түсіндірді Алматы ПД Әкімшілік полиция басқармасы өкілдері.

Ал "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы өкілдері қазір бұл жерде асфальт төсеу, жол белгілерін орнату жұмыстары аяқталып жатқанын, таңбалау жұмыстары да жүргізілгелі жатқанын айтты.

"Бұл учаске бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарының 95 пайыздан астамы орындалды. Асфальт төсеу көлік ағынына байланысты түнде жүргізіледі. Асфальттың соңғы қабатының 92 пайызы төселген. Жол белгілерін орнату жұмыстары 80 пайызға аяқталды. Жолды абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Жақын арада жолды таңбалау басталады", - деп атап өтті ұйымның баспасөз қызметі өкілдері.

Сондай-ақ, "ҚазАвтоЖол" құрылыс жұмыстары қашан толық аяқталып, көлік жүргізушілері жолайырығын толық пайдалана алатынын хабарлады.

"Бүгінде қозғалыс транзит, жергілікті және қоғамдық көліктерге арналған жолақ бойынша ұйымдастырылған, магистраль эстакада толық ашылды. Бұл учаскеде трафиктің (кептелістердің) төмендегені байқалады. Барлық негізгі жұмыстарды 2022 жылдың қарашасында аяқтау жоспарланып отыр. Тиісінше, кейін автомобиль жолының осы учаскесі бойынша толық қозғалыс ұйымдастырылады", - деп сендірді ұлттық компания өкілдері.

Жоба аясында төрт дана көлемінде жылдамдықты арттыру бойынша құқықбұзушылықтарды фото және бейнетіркеу жүйесін орнату қарастырылғаны атап өтілді.

"Жобаны іске асырғаннан кейін белгіленбеген аялдамаларды жою үшін "Алтын Орда" базары бойындағы көлік жолының осы учаскесінде базар маңындағы солтүстік айналма жолдағыдай жағдай жоспарланып отыр. Сонымен қатар, қозғалысты реттеу және ұйымдастыру үшін белгілер орнатылады және осы учаскеде тоқтауға тыйым салатын жол белгілері қойылады", - деп қорытындылады баспасөз қызметі өкілдері.

Еске салайық, 2017 жылы басталған жол құрылысы 2019 жылы аяқталып, тапсырылуы керек болған. Алайда бірқатар себепке байланысты құрылыс жұмыстары созылып кеткен. Оның бірі -  екі жанармай құю станциясының қожайынымен арада болған сот.

Құрылыстың кешіктірілгені сонша - 2021 жылғы желтоқсанның аяғында жұмысшылар жобаның бір бөлігін ғана іске қосқан. Олар жаңа эстакададағы қозғалысты ашқан. Ал біраз уақыттан кейін жүргізушілер ұзындығы 600 метр болатын көпірдің жағдайына шағымдана бастаған еді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова