Желіде жемістерге жасырын вакцина қосылып жатқаны туралы ақпарат тарады

Әлеуметтік желілерде вакцинаға қарсы шыққан азаматтарды вакцинациялау үшін жеміске жасырын түрде вакцина қосылғаны туралы ақпарат тарады, - деп хабарлайды Stopfake.kz.

"Тараған ақпаратта The Guardian порталындағы мақаланың скриншоты көрсетілген, оның тақырыбын "Гендік-модификацияланған жемістердегі вакцина В гепатитін жоя алады" деп аударуға болады. Мұндай мақала, шынымен де бар. Ол 2000 жылдың 8 қыркүйегінде жарық көрген. Бірақ бұл жерде нақты препарат бары туралы емес, сынақтар туралы жазылған", - деп жазылған Stopfake.kz сайтында.

Мәліметке сүйенсек, жеуге болатын вакциналарды жасау өте қиын.

"Бүгінде, осы салада зерттеулер басталған 30 жылдан соң, әлемде тырысқақ, қызылша, энтеровирусты везикулярлы стоматит және В, С және Е гепатиттеріне қарсы жеуге болатын вакциналар бар. Алайда олардың барлығы әртүрлі сынақ кезеңдерінде, ал кейбірі әлі күнге дейін адамдарда сыналмаған - тек зертханалық жануарларда ғана. Жеуге болатын вакциналардың ешқайсысы әлі нарыққа шығарылған жоқ және оны алу мүмкін емес. Демек, тараған ақпарат - манипуляция. Жеуге жарамды вакциналар әлі дайындау сатысында. Олардың көмегімен қашан, неден және қалай егілуге болатыны белгісіз. Қазіргі кезде дүкендер мен базарларда сатылатын жемісте вакциналар жоқ", - деп қорытындыланған хабарламада.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!