"Айлық табысыңыз 200 мың болса, кемінде 50 мыңнан жинауды бастаңыз"

"Айлық табысыңыз 200 мың болса, кемінде 50 мыңнан жинауды бастаңыз"

Ақша жинау - кез келген адамның қолынан келе бермейтін іс. Жалақыны ала салып жұмсап қою біраз адамда кездесетін "проблема". Бірақ сол ақшаны қалай жинаймыз? Бірнеше әдіс ұсынамыз.

Бұл топтамада "тойға бармаңыз", "туған күндерге баруды қысқартыңыз" деген секілді кеңестерді ұсынбауға тырысамыз. Себебі күнделікті өмірде дос-жараны, туыстары бар адамға мұндай ұсыныс орынсыз болуы мүмкін. Ескерту: біздің кеңес отбасылы, көпбалалы адамдарға арналмаған. Бұл жалғыз өмір сүретін немесе тапқан табысын көбіне өзіне жұмсайтын адамдарға арналған. Сонымен ақшаны қалай жинаймыз? 

Ең алдымен ақшаны не үшін жинайтыныңызды анықтап алғаныңыз дұрыс. Үйдің алғашқы жарнасына немесе саяхатқа аз уақытта өзіңіз жалғыз-ақ ақша жинауыңыз әбден мүмкін, ал өте қомақты қаражатты жинауға жылдар кетуі мүмкін. Қайткен күннің өзінде ақша жинай берсеңіз, күндердің бір күнінде ол қажетіңізге жарары сөзсіз.  

Жалақыңыздың немесе жалпы тапқан табысыңыздың белгілі бір сомасын жинап отырыңыз. Иә, қарапайым кеңес. Бірақ шын мәнінде ақшаның бір бөлігін жинап отырсаңыз, біраз уақыттан кейін біраз қаражат жиналып қалуы мүмкін. Мысалы бір айда табатын табысыңыз 200 мың болса, кемінде 50 мыңнан жинауды бастаңыз. "Қалған 150 мыңға бір ай қалай өмір сүремін?" деген сұрақ ойыңызға бірден келуі мүмкін. Бірақ есептей келе, артық көп шығын жасамауға тырысып, 150 мыңға бір ай өмір сүруге болатынын түсінуге болады. Ай сайын 50 мыңнан жинап отырсаңыз, бір жылда 600 мың жинап алуға болады.

50 мыңнан жинау тіпті мүмкін емес деп ойласаңыз, табысыңыздың кем дегенде 10 немесе 20 пайызын жинаңыз. 

Екіншіден, ақшаңызды шоттан шығара алмайтын банктерде сақтаңыз. Немесе шығарып алған күннің өзінде көп комиссия алатын банкте сақтаңыз. Себебі қолма-қол немесе шығарып ала алатын есепшотта жинасаңыз өз-өзіңізді "ұстай алмай", ақшаны шығарып алып, оны жаратып тастауыңыз әбден мүмкін. 

Күніне белгілі бір соманы ғана жұмсау челленджін істеп көріңіз. Мысалы өз-өзіңізге "күніне 1000 теңгеден артық жұмсамаймаймын" деп уәде беріңіз. Яғни күн сайын тек сол соманы жұмсауға тырысыңыз. Оның ішіне жол ақысын да қосуға болады. Айына кем дегенде 25 жұмыс күні бар деп есептесек, табысыңыздың 25 мың теңгесін ғана күнделікті өміріңізге жұмсайсыз. 

Ақша жинаудағы ең бір таптырмас құрал - депозит ашу. Ай сайын үздіксіз белгілі бір соманы депозитіңізге салып тұрыңыз. Кейбір банктерде белгілі бір соманы жинасаңыз, жыл соңында мемлекеттен сыйақы беріледі. 

50/30/20 әдісін қолданыңыз. Бұл жағдайда табысыңыздың 50 пайызын пәтеріңіз бен азық-түлікке, 30 пайызын түрлі сапар мен үйден тыс жерде тамақтануға, ал 20 пайызын қарыздар мен ақша жинауға бөлсеңіз болады.

Ақша жинау үшін ақша үнемдеу міндет емес. Сіз ай сайынғы табысыңызды арттыру жолдарын іздеу арқылы ақша жинай аласыз. Яғни қосымша жұмыс табыңыз. Ай сайынғы шығыныңыз табысыңызбен тең болса жағдайды өзгерту керек. Бірақ қосымша табысыңыз негізгі жұмысыңызға кедергі жасамағаны жөн. 

Ақша жинаудағы келесі қарапайым әдіс - жинақ сандықшасына яғни "копилкаға" жинау. Бұл жағдайда ақшаны тиын ретінде де, қағаз ақшаларды да жинасаңыз болады. Көп қаражат жинау үшін сәйкесінше үлкен "копилка" бастағаныңыз дұрыс. Бірақ мұндай әдіс арқылы жинаған ақшаңызға үй сатып алмайтыныңыз белгілі. Дегенмен қандай да бір сома жиналатыны сөзсіз. 

Қарыз алмауға тырысыңыз. Бұл санатқа тек танысыңыздан не туысыңыздан қарыз алу емес, сондай-ақ микроқаржы немесе несие алуды да жатқызуға болады. Жөн жосықсыз несие алу немесе қандай да бір затты несиеге алу ай сайынғы табысыңызды азайтып жіберетіні сөзсіз. Оның орнына ақша жинап, сол сомаға зат сатып алғаныңыз әлдеқайда тиімді болады. 

Ең бастысы - саналы түрде үнемдеуді үйрену керек. Бұл мүлде жабылып, адамдардан алшақ болып кету керек деген сөз емес. Яғни үнемдеудің арасындағы шекараны ажырата білу керек. Сондай-ақ мотивация туралы да ұмытпаған жөн. Яғни белгілі бір қаржыны жинадыңыз - мақсат орындалды - өзіңізді қуантып қойыңыз. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина