"Жасы 30-дан асқан, жұмыссыз". Қазақстанда отбасылық зорлықшы портреті жасалды

"Жасы 30-дан асқан, жұмыссыз". Қазақстанда отбасылық зорлықшы портреті жасалды
Фото: Tengrinews.kz/Әлихан Сариев

Қазақстанда биыл отбасылық-тұрмыстыққа қатысты 668 қылмыс жасалды. Көбіне бұл жағдайға ер адамдар себеп болады. Бұл туралы Үкімет отырысында ішкі істер министрі Марат Ахметжанов мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

ІІМ мәліметінше, 80 пайыз жағдайда ер адам отбасылық жанжалға себепкер саналады. Әдетте олардың жасы 30-дан 50 жасқа дейінгі (52 пайыз) аралықта. 

"Оның 74 пайызында тұрақты жұмыс орны, ал 90 пайызында кәсіби және жоғары білімі жоқ. 78 пайыз жағдайда жәбірленушілер - әйелдер. Көбіне олар зорлықшыға материалдық және психологиялық жағынан тәуелді болады. Ұзақ жыл бойы қорлау мен қорқытуға шыдап жүреді. Балалар да зардап шегеді. Олар - қатыгез көріністердің куәсі", - деді ІІМ өкілі.

Сондай-ақ, Қазақстанда жыл басынан бері полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 100 мың дабыл түскен. Министрдің айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы шағымның көпшілігі Шымкент, Астана, Алматы қалаларынан, сондай-ақ, Қарағанды, Павлодар және Қостанай облыстарынан түскен.

"Олардың 60 пайызы бойынша (100 мың дабыл ішінен) полиция шара қолдана алмады, өйткені жәбірленушілер өтініш беруден бас тартқан. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, өтінішсіз полиция оларды жауапқа тарта алмайды. Биыл отбасылық-тұрмыстыққа қатысты 668 қылмыс жасалды", - деді Марат Ахметжанов Үкімет отырысы барысында.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова