Тоқаев диқандарды егін жинау нәтижесімен құттықтады

Жаппай егін жинау аяқталғаннан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев диқандарды құттықтап, денсаулық пен еңбектеріне табыс тіледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Диқандарымыздың жоғары кәсібилігінің, өз ісіне адалдығының және қажырлы еңбегінің арқасында агроөнеркәсіп кешені азық-түлік қауіпсіздігінің сенімді кепіліне және экономикалық дамудың басты қозғаушы күшіне айналды. Біз тұрғылықты жеріне қарамастан барлық азаматтың жан жақты дамуына бірдей мүмкіндік берілетін Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Сондықтан ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттырып, тұрмыс салтын жақсарту - біздің басты міндетіміз. Барша диқанға зор денсаулық пен бақ береке тілеймін", - делінген Президенттің құттықтау хатында.

16 қазан - Қазақстанда Нан күні. Мерекелік күн 2019 жылы Үкіметтің қаулысымен белгіленді. Бұл күн нан өнімдерінің, сондай-ақ, нан өндірісіне қатысы бар барлық маманның, нан өндірушілер, ұн тартушылар мен наубайшылардың, жоғары мәртебесін нығайтуға арналған. 

"Биыл нан өнімі бұрын белгіленген болжамды деңгейден асып түсті. Мәселен, жоспарланған 19,5 миллион тонна бункерлік салмақтағы астықтың орнына бүгінде 21,7 миллион тоннадан астам астық бастырылды. Сонымен қатар, 16,3 миллион тоннадан астам бидай жиналды, бункерлік салмақта 14,1 миллион тонна жиналады деп болжанған болатын. Мұның бәрі нан өсірушілердің қажымас еңбегінің арқасында мүмкін болды. Бүгінгі таңда қазақстандық фермерлердің астықпен отандық нарықты ғана емес, оны біздің өнімдеріміздің сапалық көрсеткіштері жоғары бағаланатын шет мемлекеттерге саудалауға мүмкіндігі бар", - деді ведомство өкілдері. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!