Президенттікке үміткер Түркістан облысында қол жинай бастады

Алдағы президент сайлауына кандидат ретінде "Қазақ аналары - дәстүрге жол" бірлестігі атынан ұсынылған Салтанат Тұрсынбекова сайлаушылардан қол жинауға кірісті, - деп хабарлайды "Хабар 24" телеарнасы. 

Келесі аптаның жұмасына дейін ол заңнамада көрсетілген көлемде қол жинап, кандидат ретінде тіркелуі керек.

Қазір үміткердің Түркістан облысындағы сенімді өкілдері аймақты аралап, халықпен кездесіп жүр. Кандидат туралы ақпараттарын бөлісіп, сайлаушылардан қажет қол жинап жатыр.

Олар Сарыағаш ауданы мен Түркістан қаласында болып, белсенді жұмыс жүргізді. Орталық сайлау комиссиясының ақпараты бойынша президенттікке үміткер кандидат ретінде тіркелу үшін кем дегенде 118 мың 273 адамның қолын жинау керек. Бұл дауыс беруге құқығы бар сайлаушылардың 1 пайызы. Ал 21 қазан күні кешкі сағат 18.00-ден бастап үгіт-насихат жұмыстары басталады.

"Қазіргі кезде біз өзіміздің ұсынып отырған үміткеріміз Салтанат Фархатқызына 2 күннен бері қол жинаудамыз. Аудан-ауданда біздің қолдауышларымыз қол жинап, атсалысуда. Ауылдарды аралап, халыққа біз түсіндіріп жатырмыз. Бұл сайлауалды дауыс емес, өзіміздің үміткерімізді президент сайлауына кандидат ретінде тіркету үшін қол жинап жатырмыз", - дейді кандидаттың сенімді өкілі Ләйлә Дарханбаева. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!