Президент Астанадағы саммитте қандай мәселе көтерді?

Президент Астанадағы саммитте қандай мәселе көтерді?
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Орталық Азия - Ресей" саммитінде бірқатар мәселені көтерді. Massaget.kz тілшісі Тоқаевтың саммиттегі маңызды мәлімдемелерін жинап шықты.

"Ортақ тарихымызды қорғауымыз қажет"

Тоқаев сөзінің басында қауіпсіздік мәселесіне тоқталды. 

"Біздің елдеріміз тағдырдың жазуымен бірге болуы керек. Біз ортақ тарихымызды қорғап, халықтарымыздың игілігі үшін ортақ болашақ құруымыз қажет. Біздің әрбір мемлекетіміздегі тұрақтылық пен қауіпсіздік аймақтың дамуына тікелей әсер етеді", - деді ол. 

Мемлекет басшысы жаңа қауіптердің алдын алу және оларға дер кезінде ден қоюдың тиімді құралдарын әзірлеу керегін айтты.


Фото: akorda.kz

"Аймақты тұрақсыздандыру әрекеттері"

Тоқаев әлемдегі жағдай тез өзгеріп жатқанын және өзара әрекеттестіктің қолданыстағы тетіктерін жүйелі түрде жетілдіру керегін айтты.

"Аймақтағы жағдайды тұрақсыздандыру әрекеттері, қақтығыстарды тудыру үшін гибрид және ақпараттық технологияларды пайдаланғандар мысал бола алады. Осыған байланысты елдеріміздің Қауіпсіздік кеңестерінің аппараттарына алдын алу шараларының механизмін әзірлеу және құру бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсыруды ұсынамын", - деді Тоқаев.

"Шекара мәселесінің реттелмеуі"

Одан бөлек, Президент шекара мәселесіне де тоқталды. 

"Тұрақсыздыққа алып келетін тағы бір фактор - өңірдегі жекелеген елдер арасындағы шекара мәселесінің реттелмеуі. Шекара проблемасы ғасырлар бойы қалыптасқан достық, өзара сенім және тату көршілік негізінде, сондай-ақ халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысының іргелі қағидаттарын мүлтіксіз сақтау арқылы тек бейбіт жолмен шешілуге тиіс", - деді ол. 


Фото: akorda.kz

"Шағын және орта бизнесті қолдау"

Мемлекет басшысы қазіргі жағдайда қалыптасқан сауда-экономикалық байланыстарды сақтау аса маңызды екенін атап өтті.

"Шағын және орта бизнесті қолдау шараларына, энергетика, өнеркәсіп, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы салаларындағы бірлескен жобаларды қолға алуға ерекше назар аудару қажет. Бұл ретте сауда кедергілерін жою және протекционистік шараларға жол бермеу маңызды. Бізге өңірішілік сауда-саттықты дамытуға бағытталған күш-жігерді жандандыру қажет", - деді ол. 

Тоқаев тауар айналымының құрылымын жақсартуға және оның номенклатурасын кеңейтуге мән берген жөн екенін айтты. 

"Кейбір елдерде арандатушылық сипаттағы сөздер айтылып жүр"

Президенттің айтуынша, қазіргі әлемде ақпараттық кеңістіктегі келеңсіз жайттардың алдын алу жөніндегі өзара іс-әрекеттердің маңызы артып келеді.

"Цифрлық технологиялардың, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің қарқынды дамуы жағдайында орынсыз айтылған кез келген сөз, әсіресе жастар арасында өшпенділік пен этносаралық араздық туғызуы мүмкін. Соның салдарынан қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтуға бағытталған көп жылғы күш-жігер зая кетеді", - деді ол. 


Фото: akorda.kz

Тоқаевтың сөзінше, дау-жанжал мен дүрбелеңді болдырмау үшін салалық ведомстволар мен қоғамдық ұйымдар тығыз ынтымақтастық орнатып, түсіндіру жұмыстарын барынша белсенді жүргізуге тиіс. Көп нәрсе мемлекет қайраткерлерінің саяси жауапкершілігіне де байланысты екенін баса айтты.

"Өкінішке қарай, кейбір елдерде серіктес мемлекеттерге қатысты арандатушылық сипаттағы сөздер айтылып жүр. Мұндай жағдай ашу-ыза туғызатыны заңдылық және деструктивті күштер үшін ұтымды болмақ", - деді Президент. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш