Қателер, қулықтар мен лайфхактар. Үй алудағы маңызды кеңестер

Қателер, қулықтар мен лайфхактар. Үй алудағы маңызды кеңестер
Фото: elements.envato.com

Үй алу үшін ең алдымен, не істеу керек? Ақша жинау қажет, кейін үй таңдау қажет. Оңай жолмен айтсақ осылай. Massaget.kz тілшісі үй алу үшін мамандардың кеңесін білді.

Қаржы жоспарын құрамыз. Қанша ақша жинау керек? 

"Крыша" порталындағы кеңеске сүйенсек, бірінші кезекте үйді сатып алу жоспарын құрып қоймасаңыз, ешқашан пәтер ала алмайтыныңызды біліп алу керек. 

Бастапқыда ақша қайда жұмсалатынын және оны қалай жұмсау, сондай-ақ, ақшаны қалай жинау керегін үйреніп алған абзал.

Қазір сіздің алдыңызда тұрған бірінші жоспар - ақша қайда кеткенін анықтау. Шығысты әрдайым бақылауда ұстап отыру қиын, алайда арнайы әдістері бар екенін бірі білсе, бірі білмейді. 


Фото:elements.envato.com

Әр түскен жалақыдан 30 000 теңге жинап отырса, 6 жыл ішінде бастапқы жарнаны, яғни мемлекеттік бағдарлама бойынша 20 пайыз ақшаны жинай аласыз. Кейін жалдау төлемдері шамамен ипотека бойынша төлемдерге тең болады.

Жинай алатын ақшаңыз 50 000 теңгеге жетсе, онда жарнаның ақшасы 4 жылда жиналады. 100 000 теңге мөлшерлемесін алып тастағанда, бұл мерзім 2,2 жылға дейін қысқартылады. Ипотекаға алғыңыз келмесе, пәтерге қажет 15 миллионды кем дегенде сегіз жылда жинауға болады екен.


© pixabay.com

"Басты қате - асығу"

Баспана алу бойынша кеңес беріп жүрген блогер Дәулет Төлеутайұлының айтуынша, баспана алуда қазақстандықтардың басты қатесі - асығыстық

"Біз барлығы тез болғанын қалаймыз. Қызбалықпен үй аламын деп бірден жарна салып, үй беремін деп жоқ болып кететін небір компанияларға жолығамыз. Кейде арты бір желі маркетингі немесе пирамида болып шығады. Алаяқтар адамның жанды жерін пайдаланады, "тезірек үйлі боласың" деп алдайды. Қаншама адам сан соғып қалды. Сондықтан үй аларда асықпай, барлығын саралап, нарықты зерттеп, жинаған ақшаңызға сай нұсқаларды қарастыру қажет", - дейді ол. 


Фото: Тұрар Қазанғапов

Оның айтуынша, қазіргі уақытта ең ыңғайлысы - артық төлем аз шығуы үшін баспананың 50 пайызын жинау.

"Отбасы банкте" үш жыл бойы бағалау көрсеткішін 16-дан асырса, артық төлем аз болады. Бірақ үш жыл бойы ешкім жинамайды, ол кезге дейін кім бар, кім жоқ деп жүреді. Сөйтіп, он жыл бойы пәтер жалдап жүретіндер бар. Мұнда ақша жинап, үй аламын деген мақсат болуы керек", - дейді ол.

"Қаржы сауатын арттыру маңызды"

Блогер үй іздеп, банк аралап жүрген тұрғындарға кеңесін берді. Қазіргі жағдайда халық қаржы сауатын арттыруы маңызды екенін айтады. 

"Банкке барғанда бір нәрсе біліп бару керек" деп айтамын. Әр адам қаржы сауатын арттырса екен деймін. Одан кейін келісімшарт дегенге жіті мән беру керек. Өйткені қол қойғаннан кейін әр адам жауапкершілікті өз мойнына алады. Біз оны оқымаймыз, үй берсе, келісім келсе болды дейміз де, бірнеше бет қағазға қол қоя береміз. Кейін бір кілтипаны шықса, келісімшартты сол кезде ғана оқи бастаймыз", - деп қорытындылады ол. 


Фото:elements.envato.com

Баспана алуда қандай заңды қулықтар немесе лайфхактар бар?

Блогердің айтуынша, риэлтор, нотариустан ақша үнемдеуге болады. Сонымен қатар, комиссияларды да қарау керек екен.

"Бүгінде сақтандыру, жылжымайтын мүлікті бағалау компаниялары көп. Мысалы, үйімнің құнын анықтау үшін бағалаушыларға хабарласқанымда, бірі он мың, екіншісі тоғыз мың сұрады. Сайып келгенде 6 мың теңгеге таптым. Сондықтан әрдайым іздену керек", - дейді ол. 

Дәулет Төлеутайұлының айтуынша, Салық кодексінде ипотекаға берілетін үйлерге нотариуста 4 АЕК қана төлеу керек деген заң бар.

"Үйді ипотекаға алғыңыз келсе, сатып алу-сату басталғанда нотариусқа міндетті түрде АЕК төлейсіз. ТҮҚЖБ-мен екі үй алдым, бірінде сатып алу-сатуға 30 300 теңгедей, ал екіншісінде 10 100 ғана төледім. Біріншісінде ондай заңның бар екенін білмедім", - дейді блогер. 

Үйді сақтандырудың да жолдарын дұрыстап қарау керек. Оның пайдасы мен зиянын жан-жақты зерттеген дұрыс, дейді Дәулет Төлеутайұлы. Баспана сатып аларда риэлторларға да жүгініп жатамыз. Бірақ мұнда да өзің ізденіп, ақша үнемдеуге болады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш