"Қазақ бауырларға рақмет". Ердоған АӨСШК саммитінде мәлімдеме жасады

"Қазақ бауырларға рақмет". Ердоған АӨСШК саммитінде мәлімдеме жасады
Фото: t.me/bort_01

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған қазақстандықтарға қонақжайлығы үшін алғыс білдіріп, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) саммитінде мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Қымбатты ағам, Қасым-Жомарт Тоқаев мырза, құрметті қонақтар, мен АӨСШК саммитіне қатысқаныма қуаныштымын. Тоқаев мырзаға және қазақ бауырларға қонақжайлық үшін алғысымды білдіремін. Сондай-ақ, осы отырысқа қатысқан Кувейтке қош келдіңіздер деймін. Мұның барлығына жақсылық әкелгенін қалаймын", - деді Түркия президенті.

Ердоғанның айтуынша, Түркия басынан бастап конференцияға қатысушылар құрамын кеңейту бастамасын қолдаған.

Ол жаһандық қауіпсіздік архитектурасы неғұрлым әділ және тең құқықты түсіну негізінде құрылуы керегін атап өтті.

"Украинадағы кейінгі дағдарысты аймақтық және жаһандық деңгейде көріп отырмыз. Келісім орнаған әлемге дипломатиямен ғана жетуге болады. Соғыста жеңімпаз жоқ. Екінші жағынан, біздің БҰҰ-мен соғыстың жағымсыз салдарын жою жөніндегі қарқынды күш-жігеріміз бүкіл әлем бойынша мойындалды. Қара теңіз арқылы Украина астығын экспорттау туралы Ыстамбұл келісімі және өткен айда басталған тұтқын алмасу жұмыстары - осы бағыттағы елеулі жетістіктер. Біздің мақсатымыз - жергілікті жерлердегі барлық қиындыққа қарамастан, қол жеткізілген қарқынды сақтау және қантөгісті мүмкіндігінше тезірек тоқтату", - деді Ердоған.

Сонымен қатар, Түркия президенті лаңкестік туралы айтып, Ауғанстанда бейбітшілік пен тұрақтылық орнату қажет екенін жеткізді.

Айта кетейік, Ердоған Астанаға 12 қазанда ұшып келді. Елордалық әуежайда оны Қасым-Жомарт Тоқаев өзі қарсы алды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова