Қостанайлықтардың 115 миллион теңгесін алдап алған алаяқ ұсталды

Қостанайлықтардың 115 миллион теңгесін алдап алған алаяқ ұсталды

Қостанайда 115 миллион теңгеге алаяқтық жасады деген күдікпен жергілікті тұрғын ұсталды, - деп хабарлайды "Наш Костанай" басылымы.

Басылым мәліметінше, полицияға 50 жастағы қала тұрғыны жүгінген. Ол танысы алдап, сеніміне кіріп ірі көлемдегі ақшасын иемденгенін айтқан.

"Осыдан екі жыл бұрын күйеуім колонияда жазасын өтеп жатқан болатын. Бір күні ол маған телефон шалып, оның жақын досымен кездесуім керек екенін айтты. Сол күні ол адам хабарласты. Біз кездесіп, бизнеспен айналысамыз деп шештік. Күйеуім оған қатты сенгендіктен менде еш күмән болмады. Сондықтан мен бірден 1,3 миллион теңгені қолма-қол бердім", - деді әйел.

Бір-екі айдан кейін жәбірленушінің күйеуі колониядан босатылып, үйіне оралған. Олар көмір сатып алып, оны шетелге сатпақ болған.

Жәбірленуші бірінші жылы барлық жинаған ақшасын - 40 миллион теңгені, ал 2021 жылы пәтерін сатып тағы 40 миллион теңге берген. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 80 миллион теңге.

Дәл сол ер адам тағы да бірлескен кәсіп ашамыз деген желеумен Қостанай қаласының 35 жастағы тұрғынын алдап, 35 миллион теңгесін иемденген.

"Биыл қыркүйекте полицияға екі жәбірленуші жүгінді. Жедел іздестіру шаралары барысында алаяқ ұсталды", - дейді Қостанай полиция бөлімі ІІД тергеушісі Дәулет Батырханов.

Аса ірі көлемдегі алаяқтық жасау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ер адам 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Г. Досымшалова