Қазақстанның кейбір қалаларында пәтерді жалдау ақысы төмендей бастады

Қазақстанның кейбір қалаларында пәтерді жалдау ақысы төмендей бастады
Фото: © elements.envato.com

Қазақстанның кейбір қалаларында баспананы жалға беру бағасы төмендей бастады. Кейінгі аптада Петропавл, Ақтөбе, Павлодар, Орал және Астана қалаларында баға төмендегені байқалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Krisha.kz сайтына сілтеме жасап.

Krisha.kz сарапшылары кейінгі аптадағы, яғни 5-12 қазандағы баға мониторингі деректерін ұсынған. Ресейде ішінара мобилизация жарияланғаннан кейін алғашқы апталарда жалға беру бағасы өскен қалаларда енді жалдау ақысы төмендей бастаған.

Мәселен, бір апта ішінде Петропавл мен Ақтөбеде (баға 14 пайыздан аса төмендегені, орта есеппен бір шаршы метрге шамамен 4400 теңге болғаны), сондай-ақ, Орал мен Павлодарда (10 пайыздан аса) айтарлықтай баға төмендегені байқалған. Астанада кейінгі аптада жалға берілетін тұрғын үй бағасы 6,8 пайызға арзандаған.

Бұл ретте Алматы, Ақтау, Қарағанды, Өскемен, Шымкент қалаларында жалға алу бағасы қымбаттаған. Бір аптада жалға беру бағасы Алматыда бірден 8,9 пайызға (1 шаршы метр бағасы 5 555 теңге), Ақтауда 9,8 пайызға (шаршы метрі 3 035 теңге) өскен.

Алматыда жалға берілетін пәтерлердің арзандамауы ішінара нарық құрылымының өзгеруіне және арзан пәтерлердің тапшылығына байланысты екені атап өтілген. 12 қазандағы жағдай бойынша, жоғары баға бойынша қала көш бастап тұр, мұнда бір бөлмелі пәтер 270 000 теңге, екі бөлмелі пәтер 500 000, үш бөлмелі пәтер 750 000 теңге. Астана баға бойынша екінші орында, яғни бір бөлмелі пәтер 250 мың теңге, екі бөлмелі пәтер 350 мың, үш бөлмелі пәтер 500 мың теңге.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова