Шетпеде мектеп оқушыларының төбелесі видеоға түсіп қалды

Шетпеде мектеп оқушыларының төбелесі видеоға түсіп қалды
Фото: Видеодан алынған кадр

Маңғыстау облысында жасөспірімдердің жаппай төбелесі видеоға түсіп қалды. Оқиға Шетпе ауылында болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Кадрларға қарағанда, оқиға түнде болған әрі оған жасөспірімдер қатысқан. Видеодан айғай дауысы естіледі, төбелеске қатысушылар тас тәрізді заттар лақтырғаны көрінеді.

"Видео 8 қазанда сағат 22:00 шамасында Шетпе ауылының теміржол вокзалының маңында түсірілген. 16-17 жас аралығындағы 18 жасөспірім анықталды, олар ата-аналарымен бірге полиция бөліміне жеткізілді", - деді ІІМ өкілі.

Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабы, 2-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ, олармен профилактикалық әңгіме жүргізілген. Полицейлер бұл дерек бойынша ешқандай шағым мен арыз түспегенін атап өтті.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова