ҰҚШҰ Бас хатшысы Қазақстанға сапармен келеді

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) Бас хатшысы Станислав Зась Қазақстанға жұмыс сапарымен келеді. Бұл туралы жексенбі, 9 қазанда ұйымның баспасөз хатшысы Владимир Зайнетдинов мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Сапар барысында елдің жоғары саяси және әскери басшылығымен кездесулер жоспарланған", - делінген хабарламада.

Бұған дейін ҰҚШҰ Бас хатшысы Қырғызстан президенті Садыр Жапаровпен кездесу өткізген болатын. Кездесуде Станислав Зась ҰҚШҰ-ның қырғыз-тәжік шекарасындағы дағдарысты жағдайды реттеуге көмектесуге дайын екенін білдірген.

7 қазанда Қазақстанда ҰҚШҰ-ның "Взаимодействие-2022", "Поиск-2022" және "Эшелон-2022" оқу-жаттығулары аяқталды. Жаттығулардың бір кезеңі Жамбыл облысында өткені белгілі болды.

Ал Қырғызстанның Қорғаныс министрлігі қазанда жоспарлаған ҰҚШҰ-ның "Нерушимое братство-2022" оқу-жаттығуларынан бас тартты. Бұл шешімнің себебі көрсетілмеген.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!