"Шыққан жері - Қазақстан". Тазы мен төбетті сақтау және қалпына келтіру заң жобасы әзірленеді

Президенттің Іс басқарушысы Айбек Дәдебаев тазы мен төбетті сақтау және қалпына келтіру мәселесі бойынша заң жобасы әзірленіп жатқанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Президенттің Іс басқарушы баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Кинологтар мен ғалымдардың талқылау нәтижесінде тазы мен төбетті сақтау және қалпына келтіру мәселелеріне қатысты жеке заң жобасын әзірлеу жөнінде шешім қабылданды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне басқа мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, заң жобасының жаңа нұсқасын енгізу тапсырылды. Бұл құжатты әзірлеуге ҚР Президентінің Іс басқармасы жанындағы Парламентаризм институты ұсыныс берді.

Сонымен қатар, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен және сарапшылармен бірлесіп ит тұқымдары стандартының жаңа жобасын қарастыратын болды.

"Ведомствоаралық жұмыс тобының барлық шешімі сарапшылармен талқыланып, олардың пікірі ескерілуге тиіс. Кезінде панажайы бар кинологиялық зерттеу орталығын салу тапсырылды, ол орта жолдан тоқтап қалды. Енді мұны аяғына дейін жеткізу керек. Сонымен қатар, тазы мен төбетті Халықаралық кинологиялық қауымдастықта (FCI) тіркетіп, олардың шыққан жері ретінде Қазақстанды көрсетуді ерекше бақылауға алу қажет", - деді ҚР Президентінің Іс басқарушысы Айбек Дәдебаев.

"Бұл - біздің тарихымыз". Тазы тұқымын жойылып кетуден қалай сақтауға болады?

Еске салайық, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттің Іс басқармасына қазақы тазы мен төбет иттерінің ұлттық қазынасын сақтау жұмыстарын үйлестіруді тапсырғанын хабарлаған болатынбыз.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!