"Темір қолды адам". Шавкат Рахмоновтың UFC-дегі келесі қарсыласы кім?

"Темір қолды адам". Шавкат Рахмоновтың UFC-дегі келесі қарсыласы кім?
Фото: Jeff Bottari/Zuffa LLC

Қазақстандық файтер Шавкат Рахмоновтың келесі қарсыласы белгілі болды. Америкалық топ-файтер Нил Джефф Шавкаттың жекпе-жекке шақыруын қабыл алды. Massaget.kz тілшісі Шавкаттың келесі қарсыласы туралы мәліметтер жинады.

UFC-дегі нокаутшы

Джефф Нилдің жасы 32-те. Шавкаттан төрт жасқа үлкен. Техаста оқып жүргенінде футбол командасында ойнаған. Кейін футболды тастап, аралас жекпе-жекке ауысыпты. 

Әуесқой деңгейде 2010 жылы өнер көрсете бастаған. UFC-мен келісімшарт жасаспас бұрын Нил он жекпе-жек өткізген, рекорды - 8-2. 


Фото: instagram.com/handzofsteelmm

2017 жылы Джефф UFC басшысы Дана Уайттың үміткерлер сериясына қатысып, Чейз Уолдонды техникалық нокаутпен жеңді. Сол кезде оған UFC келісімшарты ұсынылған. 

Сөйтіп, 2018 жылдан бері Джефф Нил UFC-де өнер көрсетіп жүр. Кәсіпқой рекорды - 15-4.


Фото: instagram.com/handzofsteelmm

Нил биыл тамызда бразилиялық Висенте Люкемен кездесті. Бұл жекпе-жекте Люке фаворит болған еді, бірақ америкалық файтер оны нокаутпен жеңді. Мұндай сенсацияларды Нил бұрын да тіркеген. Оның алдында аргентиналық азулы Сантьяго Понзиниббио мен қазір топ-5 қатарына кіретін Белал Мухаммадты жеңген. 


Фото: instagram.com/handzofsteelmm

Нил Джефф - соққысы ауыр файтер. Оны сарапшылар "Темір қолды адам" деп айтуы бекер емес. 15 жеңісінің тоғызын нокаутпен аяқтаған. Сабмишн жасауға да қауқарлы. Бразилиялық джиу-джитсудан көк белбеуі бар, екі рет қарсыласын қылқындыру әдісімен жеңген. Қазір UFC рейтингінде 6-орында тұр, Шавкат - 10-орында. 

UFC-ге ауысқалы Нил жеті рет жеңіп, екі мәрте жеңіліп қалған. Бірақ ең танымал лигада мерзімінен бұрын жеңілмепті, екі ретте де қарсыласына төрешілер шешімімен жол берген.


Фото: instagram.com/handzofsteelmm

Америкалық файтерді жеңгендердің бірі - Нил Мэгни. Мэгни жазда Шавкат Рахмоновпен кездесіп, екінші раундта қылқындыру әдісімен жеңіліп қалған болатын. 

10 жыл даяшы болған

Нил 2019 жылға дейін Далласта даяшы болып жұмыс істеген. 2020 жылы пандемия кезінде жекпе-жектерге шықпай жүргенде де даяшы қызметіне оралған. Себебі ол "даяшы және бармен" мамандығында оқыған. 

2020 жылы тамызда Нил қарқынды терапия бөліміне ауруханаға түсті. Дәрігерлер жүрек пен бүйрек жеткіліксіздігі деген диагноз қойған. Бірнеше ай бойы емделгеннен кейін Нил сол жылы желтоқсанда карьерасын қайта жалғастырған.


Фото: instagram.com/handzofsteelmm

Ал былтыр Нилді полицейлер екі заңбұзушылық бойынша тұтқындаған - көлікті мас күйде жүргізу және қаруды заңсыз сақтау. Кейін Джефф 2 мың доллар көлемінде кепілақы төлеп, босатылды.

Спортшы үйленген, 5 жасар қызы бар.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш