Дикий Арманды қамау мерзімі тағы да ұзартылды

Дикий Арманды қамау мерзімі тағы да ұзартылды

Дикий Арман лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиевті қамауға алу мерзімі 7 желтоқсанға дейін ұзарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Алматы қалалық сотының ресми өкілі Абай Жарылқасынға сілтеме жасап.

Оның айтуынша, 6 қазанда мамандандырылған ауданаралық тергеу соты шешім шығарған.

"Тергеу органдарының Д-ға қатысты қамауда ұстау мерзімін 11 айға дейін, яғни 7 желтоқсанға дейін ұзартуға санкция беру туралы өтініші қанағаттандырылды. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ", - делінген хабарламада.

Еске салайық, Арман Жұмагелдиевтің ұсталғаны 7 қаңтарда белгілі болған еді. Бес адамнан тұратын қылмыстық топ Алматыда арнайы операция барысында ұсталғаны белгілі болды. Күдіктілерді тінту кезінде әртүрлі маркалы және калибрлі төрт жартылай автомат, оларға арналған оқ-дәрілер, қырлы қарулар мен броньды көлік тәркіленген.

Кейінірек оның қылмыстық тобының мүшелері 24 бейбіт тұрғынды ұрлап, күштеп ұстағаны айтылды. Бұл туралы Арнайы прокурорлар қызметінің басшысы Ризабек Ожаров мәлімдеген еді. 

Сонымен қатар, Бас прокуратура өкілі Дикий Арман мен оның тобының 14 мүшесі қамауда екенін айтқан.

Бас прокуратураның биыл сәуірде берген мәліметінше, Жұмагелдиев мына баптар бойынша күдікті ретінде қамауға алынған:

- ҚК 287-бабы, 4-бөлігі "Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен немесе бiрнеше рет қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру";
- ҚК 272-бабы, 2-бөлігі "Күш қолданумен, қиратумен, өртеумен, бұзумен, мүлiктi жоюмен, атыс қаруын, жарылғыш заттарды немесе жарылыс құрылғыларын қолданумен, сондай-ақ билік өкiлiне қарулы қарсылық көрсетумен ұласқан, оның ішінде шетелдік көздерден алынған қаражатты пайдалана отырып жаппай тәртiпсiздiкке қатысу";
- ҚК 126-бабы, 3-бөлігі, 3-тармақшасы "Адамды бас бостандығынан заңсыз айырып, абайсызда жәбiрленушiнiң өліміне не өзге де ауыр зардаптарға әкеп соғу".

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш