Менің тапсырмаммен ауыл шаруашылығы жерлеріне ғарыштан мониторинг жасалды - Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы жерлеріне ғарыштан мониторинг жасалғанын айтты. Соның нәтижесіне бос жатқан 20 миллионнан аса гектар жайылым жер анықталған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Менің тапсырмаммен ауыл шаруашылығы жерлеріне ғарыштан мониторинг жасалды. Республика бойынша игерілмей бос жатқан 20 миллионнан аса гектар жайылым жер анықталды. Оны мемлекет меншігіне қайтарумен айналысатын арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Қазірдің өзінде 4,2 миллион гектардан аса алқап қайтарылды. Соның ішінде 1,1 миллион гектар жер Қарағанды облысына тиесілі. Әлемде 9 орын алатын ұлан-ғайыр жері бар Қазақстанда жайылым тапшылығы деген еш қисынға келмейтін нәрсе. Осы кең байтақ жеріміздің игілігін латифундистер емес, қарапайым халық көруі керек.

Сондықтан ендігі мәселе қайтарылған жерді жергілікті шаруаларға әділ бөліп беру қажет. Сонда ғана фермерлердің өз шаруашылығын адал жүргізуге сенімі артады" - деді Мемлекет басшысы.

Еске салайық, бұған дейін Тоқаев жұмыс сапарымен Қарағанды облысына келгені хабарланған болатын.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!