Түркістан облысында прокурордың оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалды

Түркістан облысында прокурордың телефонын тартып алуға тырысқан адамдарға қатысты соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы облыстық прокуратура өкілдері мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Прокуратура мәліметінше, 28 қыркүйекте Түркістан облысы Төле би ауданы Көксәйек елді мекенінде қоғамның наразылығын тудырған жол апаты болған. Оқиға орнына жедел-тергеу тобымен қатар аудандық прокуратураның кезекші прокуроры да келген. Қызметкер "өзіне тиесілі смартфонды пайдаланып, жиналғандарға қолданыстағы заңнама талаптарын, сондай-ақ, осы жол-көлік оқиғасы бойынша соталды тергеп-тексеру басталғаны туралы" түсіндірген.

"Алайда жиналғандар арасында смартфонды тартып алу мақсатында белгісіз адамдар күш қолданды. Осы дерек бойынша олар кім екені анықталды, сондай-ақ, Қылмыстық кодекстің 380-бабы бойынша соталды тергеу басталды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талаптары бойынша соталды тергеп-тексерудің басқа да дерегі жарияланбайды", - деді ведомство өкілі.

Айта кетейік, Түркістан облысы Көксәйек ауылында үш көлік соқтығысқан. Полиция ВАЗ-2103 көлігі дұрыс жүрмегенін байқаған, оның жүргізушісі мас күйінде көлік жүргізді деген күдікке ілінген. Ал көлік жүргізушісі тоқтаудың орнына жылдамдықты арттырып, жасырынуға тырысқан. Осыдан кейін көлік басқа көліктермен соқтығысқан.

Жол апаты салдарынан ВАЗ-2103 көлігінің жүргізушісі сол жерде қайтыс болған, оның жолаушысы мен Audi 100 көлігінің жүргізушісі түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға түскен. Ал қайтыс болған жүргізушінің туыстары Түркістан облысы прокурорының телефонын алуға тырысқан.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!