Күзде шаршайсыз ба? Мамандар 3 әдісті атады

Күзде шаршайсыз ба? Мамандар 3 әдісті атады
Фото: elements.envato.com

Күнделікті өмірде адамның стреске түсуінің көптеген себебі болуы мүмкін. Соның бірі - ауа райының күрт өзгеруі. Әсіресе мұндай жағдай күзде байқалады. Адамның өмірге деген құлшынысы азайып, ағза түрлі вируспен күресуге әлсіз бола бастайды. Психолог Аяулым Оралқызы Massaget.kz тілшісіне күзде жабырқамаудың, оның алдын алудың бірнеше тәсілін бөлісті.

Маманның сөзінше, күзгі шаршаудың пайда болуы бірнеше фактормен байланысты. 

"Біріншіден, жылы және жарық күндер сейіледі әрі температура жиі өзгереді. Екіншіден, эпидемиологиялық жағдай нашарлайды: күзде ағза әлсіреп, иммунитет төмендей бастайды. Салдарынан стресс пайда болады. Ал стресс, өз кезегінде апатия, депрессия, блюз, хандра секілді күрделі эмоционал жай күйлердің туындауына әкеледі", - дейді психолог. 

Психологтың айтуынша, күш-қуаттың азаюы, апатия және әлсіз болу - қалыпты жағдай. Үйлесімді жұмыс істеуді қамтамасыз ететін барлық механизм табиғатпен тығыз байланысып, тікелей реттеледі. Жаздың ашық және жайма-шуақ күндерінен кейін ауа райы салқындауы салдарынан күзгі шаршау пайда болады.

Күзгі шаршаудың белгілері, ең алдымен, мыналар:
1. көңіл күйдің күрт өзгеруі;
2. мезгілсіз және түсініксіз шаршау;
3. ашушаңдық, мазасыздық;
4. шамадан тыс ұйқы (гиперсомния);
5. нормадан тыс тамақтану, көмірсуларға деген құштарлықтың пайда болуы;
6. қоғамнан оқшаулану.

"Күзгі шаршау маусымдық аффектив бұзылулар ретінде қарастырылады, яғни шаршаудың қайталанатын, маусымдық сипатына ие. Күзгі шаршау белгілері көбіне қыркүйектің ортасында басталып, айнала толығымен жарық түске боялғанға дейін жалғасады. Көктемде бұл шаршау қайта басылады. Күздік шаршау ұзақ уақытқа созылатын күйзелістен (депрессия) осындай белгілері арқылы ерекшеленеді", - дейді Аяулым Оралқызы.

Күзгі жабырқаудың алдын алудың бірнеше жолы бар: алдымен, өзіңізді күтуіңіз керек, денеңізді және ағзаңыздың қалауын тыңдауыңыз керек. Екіншіден, күн тәртібіңізді дұрыстаңыз. Үшіншіден, өзіңіздің қалауыңызды орындаңыз және үнемі ресурста болған жөн. Мысалы, сүйікті ісіңізбен айналысыңыз: кофе ішіңіз, ванна қабылдаңыз немесе 30 минут кітап оқыңыз. 

"Егер сіз маусымдық апатия немесе күзгі шаршауды сезінсеңіз, өмірдің қуанышты сәттері туралы ұмытпағаныңыз жөн. Эмоциялық фокусты жағымды нәрсеге ауыстыруға тырысыңыз. Күзгі жабырқаудың не күйзелістің ұзақ уақытқа созылғанын байқап және өз бетіңізше жеңе алмайтыныңызды түсінсеңіз, мамандарға жүгінуден қорықпаңыз. Өміріңіз өз қолыңызда! Сондықтан тек жақсы ойлап, жайдары көңіл күйде жүруге тырысыңыз", - дейді психолог. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек