Сот Алматыдағы "Барыс 4" базарын мемлекет меншігіне қайтарды

Сот Алматыдағы "Барыс 4" базарын мемлекет меншігіне қайтарды
Фото: yandex.kz/maps/org

Бұрын жекешелендірілген Barys IV базары мемлекеттік меншікке қайтарылды. Бұл шешім Алматы экономикалық сотында қалалық прокуратураның талап арызы бойынша қанағаттандырылды. Barys IV базары халық арасында "көтерме базар" деген атаумен де белгілі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Іс материалдары бойынша, 2013 жылғы желтоқсанда "Найза-БН" компаниясы мемлекеттен Barys IV базарын сатып алған. Шартты Алматы мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті жасаған. Бұған дейін Бас прокуратура бұл нысан бес есе төмендетілген бағамен сатылғанын хабарлаған. Нарықтағы құны 1,5 миллиард теңге болса, ол 307 миллион теңгеге сатылған. Осыған байланысты Алматы прокуратурасы осы шартты жарамсыз деп тану туралы талап қойған.

"Прокурордың талап қоюына мемлекеттік орган заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы мемлекет үлесті жекешелендіру кезінде заңсыз жеңілдіктер мен артықшылықтар жасауы негіз болды. Сот талқылауы барысында талап-арызда айтылған дәлелдер расталды. ​Уәкілетті мемлекеттік органның өкілі нысанды жекешелендіру мемлекеттік мүддеге нұқсан келтіріп, төмендетілген құны бойынша жүргізілгенін мойындады.

​Мәмілені жарамсыз деп тануға сатып алушыға нысан құны төмендетілгенінен көрінетін заңсыз жеңілдіктер мен артықшылықтар берілуі негіз болды. ​Сотта мемлекеттік мүлікті төмен құны бойынша сату деректері расталды", - деді қалалық соттың баспасөз қызметі өкілдері.

Сот талапты қанағаттандыру және сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы шешім қабылдаған.

"Алматы прокуратурасының талабы қанағаттандырылсын. Сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану... Апелляциялық шағым және прокурордың өтінішхаты шешім шығарылған күннен бастап бір ай ішінде берілуі мүмкін", - делінген судья Жанар Есембаеваның шешімінде.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова