Қазақ халқының дастарқан әдептері

Түсіндірме

Қазақтың әдет-ғұрпында жол-жоралғы деген ұғым бар. Бұл - әр адамның еңбегіне, ата-тегіне, туыстық қатынастығына сай жасалатын алыс-беріс, сый-сыяпат ретінде берілетін тарту-таралғы. Мұның әртүрлі жoлдармен жасалатын реті болады. Мысалы, алғаш рет келген құрметті қонаққа, батырға, ақынға, ел ағаларына, құда-құдағиларға көрсетілетін жол бар. Мұндай тарту-таралғыға ат-шапан, кісе белбеу, ерт-тұрман, қару-жарақ, қалы кілем, құндыз бөрік, домбыра, күміс қамшы жатады. Жол жөн-жосық кезек беру арқылы да көрсетіледі, мысалы: бата беру, бас ұстау, жоғары отыру. Бесікке салуда жол құдағиға немесе басқа рудың әйелдеріне беріледі. Жас ақын аға ақынға, жас палуан бас палуанға, жігіт қызға жолын береді, өйткені "қыздың жолы жіңішке" деген бар. Жастар қарияларға жол береді. Ерсі, әдепке жатпайтын жайларды қазақ "жолсыз іс" дейді.
"Орамал тон болмаса да, жол болады", - дегенде, атам қазақ: "Үлкен-кіші болса да сыйлай біл, арзан-қымбат болса да жолы мен жөнін көрсете біл", - деп ескерткен. "Е, Құдайым, тіземнен сүріндірсең де, тілімнен сүріндірме, аттан құласам да, жолымнан құлатпа!", - деп тілеген ел жолдан жығылуды ар санаған, сол жолдан таймаған.
Қазақ жoлдан жығылуды өліммен тең санаған. Жол-жоралғы - әр адамның азаматтық, елдің елдік қасиетін сынайтын ұлағатты ғұрып. "Жаңа отауға тарту деп қазақ жоралғысымен бір-бір соғымды ақ сазандай тулатып әкеп байлаған", - деп жазады С.Жүнісов. Демек, тұрмыстағы салт-дәстүр, өмірдегі әдет-ғұрыптың бәрі осы жол-жоралғы арқылы жасалады, жөнін табады. Жолды ұстай білу - биік адамгершіліктің, ұлттық парасатымыздың берік тұғыры.

І

ДАСТАРҚАН ДӘМІ

Атам қазақтағы "Дастарқаның кең болсын, пыйғылың оған тең болсын" деп келетін бата да қазақтың байшүлен дастарқанынан туса керек. "Дастарқанда дән тұрса, үйде мән тұрады, тірлік баянды болады" деп қазақ аналары үйінен дән үзгенді жек көреді де, дастарқан мәзірін дәнмен сәнге келтіреді. Келген қонақтың алдына дастарқанды молынан жаяды. Оны бауырсақ, нан, құрт, ірімшік, сары май, қаймақ, қатық, қант, тәтті, әр алуан жеміс-жидек тағамдармен толтырады, қонақтың көз жауын алардай етіп, рет-ретімен тізеді, аққұйрық, қою қаймақты шай құяды. Қазақ әйелдері дастарқан басына нәзік отырып, қонағын үзіліп кетердей үлбіреп күтеді, жөні болғанда ақсарыбас қой сояды, мол ет асады, дастарқанын онан ары майлы, қонағының көңілін жайлы етеді. Мұны қазақ кәдесінде "дастарқан дәмі" деп атайды.

Атаның ақ жолы, ананың ақ дастарқаны қашаннан-ақ қазақ халқының даңқын дүниеге әйгілеп келе келе жатқан берекенің қаймағы екенін айтпасақ та түсінікті. Қазақ "дәм - дәнекер" деп келелі істің көбін, игі жұмыстың бәрін дастарқан басында, дәм-тұз үстінде шешеді. Ал оған опасыздық жасаған адамды "дәм атқыр", "дәмге тапсырдым" деп қарғап-сілеп жатады. "Адам айдаса барма, дәм айдаса қалма" деп дәмге ерекше құрмет етеді, сенім артады. "Ас - адамның арқауы" деп нанды далаға тастамайды, дәмді, тұзды баспайды, ас айныса бастан бақ кетеді, жаман болады, нан - қан, қан - жан деп ұғады. Ассыз өмір жоқ, дастарқансыз береке жоқ деген қанатты сөздер дастарқан дәмінің маңызын түсіндіреді, қасиетін ұғындырады.


ІІ

Дастарқан басындағы әдептер

1. Дастарқан басына қол жумай отырмайды. Сырттан келген қонақтың қолына су құю дәстүрі бар. Қонақ су құйған балаға "Судай тұнық бол, ғұмырлы бол, таудай азамат бол, еліңнің елеулісі, халқынның қалаулысы бол" деп алғыс айтып, ақ батасын береді. Қазақта "Су құйғанға сауап көп" деген тағылымды сөз бар. Егер қол жумай дастарқан басына отырса, астың құты қашады, берекесі кетеді. Жеген адамның тамағы Мәкро не Харам болып, жазылмас ауыру содан жабысуы ғажап емес деп ырым етеді. Атам қазақта "Таза асқа, арам қолды салма" деген мақал бар. Сондықтан үлкендер балаларға үнемі қол жуып келіп дастарқанға отыру дастарқан мәдениетінің бірінші әдебі екенін ескертіп отырады.
2. Дастарқан басында қисайып жатып тамақ ішпейді. Себебі ол жаман ырым. Дені сау күнде ауыру адамның беинесін еске түсіреді. Атам қазақта "Сау басыңа сақина тілеме" деген мақал бар.
3. Дастарқанға ең әуелі үйдің үлкендері отырып, жайғасып болмай, балаларды бұрын отырғызбайды. Себебі үйдің құты мен берекесі үлкендерде тұрады. Балалар үлкендерден бұрын дастарқанға отырып, дәмді бұрын ауыз тисе, дастарқан берекесі кетеді. Кейін балалар үлкендерді сыйламай кететін жаман дағды қалыптастырады. Оның үстіне, үлкендер жайылған дастарқан дәміне ықылас білдіріп, ақ бата жасайды, тілек білдіріп бет сипайды. Атам қазақта " Ас - адамның арқауы", " Батасыз ішкен ас батпас" деген мақал осыдан қалған. Егер дастарқан дәміне бата, ықылас, тілек жасалмаса, оның бір шетінде шайтан көрінбей бірге тамақтанып отырады. Сосын дастарқан берекесін кетіріп, дастарқанда отырған адамдарды ұрыстырып, соғыстырып, орталарына лаң салып, от жағады, бір-біріне реніш туғызады деп ырым етеді.
4. Тамақты оң қолмен алып жейді. Нанды сыңар қолмен сындырмайды. Егер сол қолмен тамақ алып жесе, ісі оңға айналмайды. Атам қазақта "Ісің оң болсын, жолың оң болсын", "Есіктен кіргенде табалдырықтан оң аяқпен аттап кір" деген неше мыңдаған жол-жоралғы сөздер бар. Он сегіз мың ғалам оңына айналып тұрады. Тек шайтан ғана солға тартып, істі кейін шегіндіргісі келіп, оң іске кедергі келтіреді деп ырым етеді.
5. Дастарқан басында түзу отыру керек. Алдыға келген асты қастерлеп, "Жаман дәмсіз екен" деп айтпау керек. Олай айтса, алдыдағы адал ас айниды. Солай айтып жеген адамның жүрегі айнып, қардай жеркенеді. Сосын аузына, еріне, тіліне, бетіне ұшық шығып, қара қотыр қаптап ауырып қалады. Атам қазақта "Асты жамандама құстырады, ерді жамандама тыштырады" деген мақал бар. Ол мақалдың астарында өте үлкен мағына бар. Алдыға келген асты мақтап жеу керек. Ол сонда ғана дәмді әрі жұғымды болады.
6. Дастарқанды аяққа баспау, теппеу, астан асырып түкірмеу, нан қоқымын түсірмеу, асты шылпылдатып жемеу, төгіп-шашпау, ас үстінде түшкіріп, жөтеліп, сіңбірмеу, құлақ-беті қолды шұқымау, басқа қонақтардың алдындағы асқа қол созбау, өз алдындағы асты мәдениеті түрде әдеппен, сылық сыпайы түрде алып жеу керек. Бұның бәрі қазақ халқының ежелден келе жатқан дастарқан әдептері болып саналады. Дастарқаннан ас алып жегенде өте нәзік болу керек. Қомағайланып ас ішу, адамды қақалып қалу қаупін тудырады. Атам қазақта "Қомағайдың ажалы тамағынан" деген тамаша мақал бар. Әдепсіздіктің үлкені қомағайланып тамақ жеп, ел алдында күлкіге қалу.
7. Дастарқан басында, кез келген жерде нан қоқымын жерге түсіріп, аяққа басуға болмайды. Атам қазақта "Ас атасы - нан", "Нан - қан, қан - жан", деген мақал бар. Адам басына бақырлық( кедейлік) нан қоқымын аяқпен басудан келеді деп ырымдайды.
8. Ақ ырыс - сүт, айран, шұбат, қымыз, іркіт, қымыран сынды сусындарды дастарқан үстіне шара, кеселерге құйып қоған соң көп телміртпей, тез ішіп алу керек. Ақ телмірсе, тез айнып ашып кетеді. Ашып кеткен сусынды ішсе, жаман сасық ауыру содан жабысады. Атам қазақта" Ақ телмерісе, бақ телміреді", " Бақ телмірсе, несібе кемиді" деген тағылымды маржан сөз бар. Ақты телміртіп ішу әдепсіздік, салтты білмеу болып саналады.
9. Қазақ ырымында таңғы асты тастамайды. Үйден шығар бұрын қандай асығыс болса да, бір үзім нан, бір жұтым су ішіп барып сыртқа, жолға шығады. Атам қазақта "Таңғы асты тастама, кешкі асқа қарама" деген тәмсіл сөз бар. Таңғы астан ауыз тимей, не ішпей үйден сыртқа не алыс жолға шығып кетсе, ол үйге құт оралмайды, сыртқа кеткен кісінің жолы болмайды, істеген ісі мандымайды, жол бойы берекесі қашады. Тағы ас ішпей аш кеткен кісінің артынан шайтан ілесе шығып, үйге тастаған ырызығың менікі. Ал сені үйге оралмауыңа қастық сайлаймын деп қуанады екен. Осыны білетін бағы замандағы ата-бабалармыз таңғы асты тастамай ішіп, сыртқа аттанатын болған. Таңғы асты тастау, бастағы бақты тастау деп ырым еткен.Таңғы ас - денсаулықтың кепілі деп білген.
10. Қазақ дастарқан жайғанда ең алдымен, бірінші болып, дастарқана нан қояды. Сосын барып қалған дәмдерді рет-ретімен тізе беруге болады. Себебі Ас атасы - нан. Наннан бұрын басқа тағамдарды қойса, дастарқан киесін жоғалтады. Ақырын - ақырын дастарқан дәмі азая береді. Сөйтіп, соңы жоқшылыққа, ашаршылыққа ұшыратады деп ырым етеді. Атам қазақ бағы замандарда сертескенде дастарқанға нан қойып "Нанға серт", "Міне, нан тұр" деп оң қолдарымен нан ұстап серттесетін болған. Ал сертіне опасыздық жасаған антұрғанды "Нан атсын", "Нан ұрсын", " Дәмге тапсырды" деп қарғайтын болған. Алыс сапарға шыққанда, қызға құда түсіп, қалың мал өтегенде қоржынға да бірінші болып нан мен қант салатын болған. Олай етуі бірінші құдалық баянды болсын, екінші ризықтары мол, бай болсын, үшінші махаббаттары қанттай тәтті болсын денген ырымы.
11. Дастарқанда ас ішіп болған соң, ас ішкен ыдысын төңкеріп қоюына болмайды. Бұл жаман ырым, жаман әдет, үлкен әдепсіздік саналады. Олай ететін адамдар өзінің өштескен, жек көретін, жау санайтын адамдарының үйіне барғанда әдейі солай істеп, үй иесін ренжіту үшін солай істейді. Ал өз үйінде ас ішкен ыдысты төңкеріп қойса, ризықтары кемейді, дәулеті сарқылады, аяқастынан кедейлік келеді деп өте жаман ырымға балайды. Атам қазақта "Асын ішіп, аяғын төңкерме" деген мақал маржан сөз бар. Бұл екі түрлі ұғым береді. Бірі - ас ішкен аяқты төңкеру әдепсіздік жасау арқылы үй иелерін басыну, қорлау болса, екінші - ыдыс-аяқты төңкеріп төбелес шығару. Сондықтан жай күндері ас ішкен аяқты төңкермейді, сусын ішкен кеселердің бетін алақанмен жаппайды. Келе жатқан ырызық, несібі тосылады деп ырым етеді.
12. Қазақ дастарқан басына кетік кесемен сусын, шай құймайды, тамақ салып жемейді. Кетік ыдыспен тамақ ішсе, сол кетігінен шайтан тамақ ішіп отырады екен. Сосын ол тамақ харам болады. Харам тамақ жеген адамның дұға-тілегі қабыл болмайды. Жеген тамағы бойына қонбайды. Атам қазақта "Кетік ыдыс - кембағалдық белгісі", "Кетік кеседен су ішсең - бірге у ішесің" деп текке айтпаған. Кетік ыдыс ерніңді пышақтай тіліп кетсе, қызыл қанды судай ағызады. Қауіпсіздікке де аса мән берген. Ырым түбі - ғылым. Баяғы жаугершілік замандарда өштескен, кегі кеткен дұшпандарына кетік ыдыспен тамақ беріп, жүзің сынып, көңілің жарым болып, тілің кесілсін деп, дұшпанының басын қорлап, өш алатын ырым болған. Ал сыйлы қонаққа кетік ыдыспен ас тарту өң үлкен әдепсіздік саналады. Олай еткендерге қазылар айып қойып, дүре соғып, жаза тағайындап, қатесін түзететін болған.
13. Дастарқан басында түрегеліп тұрып тамақ ішуге болмайды. Ол әдепсіздік болады. Бір жағы жаман ырым саналады. Жаугершілік заманды еске салады. Түрегеп жеген тамақта кенеу болмайды. Көзге де сөлекет көрінеді. Атам қазақта ас үстіне кірген адамға "Тізеңді бүк, ас іш, ас ауыз ти" деген ілтипатты ырым бар. Ол дастарқан әдебіне жатады.
14. Қазақ дастарқаны аса мәдениетті әдептерді қалайды. Үйге қонақ келгенде, дастарқанға қойған асты, қонаққа бірінші болып береді. Қонақтан бұрын үй иесі тамаққа қол салмайды. Олай етсе қонақ ренжіп қалады. Мені сыйламады, үй иесі ашқарақ, ашкөз екен деп сөгіп кетеді. Қонаққа ас алып отырыңыз деп қайта-қайта айтып, ілтипат білдіріп, құрмет көрсетіп, бәйек болып отырады. Атам қазақта "Қонақ он несібемен үйге кіреді, бірін жеп, тоғызын үйге тастап кетеді", "Қонақ көп келген үйдің ырысы мол болатыны содан", "Қонақ келерден бұрын оның ризығы үйге кіріп болады" деп ырымдап, келген қонақты аса жоғары құрметпен қарсылап алады. Қазақ "Қырықтың бірі - қыдыр" деп қонатын бақ пен бақытқа бағалайды әрі бәйек болып күтіп, ренжітпей аттандырады. Кетерінде бұйымтайын да сұрап, қалағаны болса беріп, ақ жол тілеп аттандырады.
15. Дастарқан басында, тамақ ішіп отырған адамға, қонаққа беталды сұрақтар қоймайды. Сөзге тартып әурелемейді. Қонақтан бұрын тамақ жеп болдым деп айтпайды. Қонақ тойып, тамақ жеуін тоқтатқанда барып бірге тоқтайды. Атам қазақта "Жемесең де тұздыққа қолыңды малып отыр" деген тәмсіл бар. Осы тәмсіл дәл осы әдепті түсіндіреді.
16. Дастарқан басында ас ішіп отырған адамға сырттан кірген адам кеудесін басып, сәлем береді. Бірақ қол алысып амандаспайды. Өйткені қолы майлы кісінің қолын ұстау дастарқан әдебіне жатпайды. Атам қазақта "Сәлемші боласаң, төрге шық" деген тәмсіл бар. Алыстан амандасып, төрден орын сыйлау қазақтың ежелден жалғасып келе жатқан дастарқан әдебіне жатады.
17. Дастарқан басында тамақ ішіп отырған адам аса абайлап тамақ жеу керек. Тамақты төкпей-шашпай жеу, таза ретті отырып ас ішу үлкен әдеп саналады. Атам қазақта "Алдыңа ас қойдым, екі қолды бос қойдым, еркін отырып ас же, жайланып отырып сусын іш, алдағы бас, бастағы бақ" дейді.
18. Қазақ дастарқанындағы сыйластық әдептерінің үлкені, бір-біріне ас ұсыну салты бар. Ол ет асату, бас ұсыну, құлақ ұсыну, таңдай ұсыну, қымыз ұсыну, жілік ұсыну, ет ұсыну сынды қос қолдап өте ептілікпен ас ұсынады. Бұл атам қазақтың есте жоқ ескі замандардан жалғасып келе жатқан ұлы сыйластық мәдениеті мен әдемі әдебіне жатады.
19. Дастарқан қос қабатталған болса, қонақ келгенде оның тұйық жағын төрге қаратып, оң бетін келтіріп жаяды. Бұл "дастарқан оң болмай, ісіңе жол болмайды" дегенді білдіреді.
20. Сый табақпен екі кәрі жілік бірге тартылса, қонақ қуанады. "Оң жол болады, байлық келеді, бақ дариды" деп ырымдайды. Қонақ жіліктерді еттен тазалап, мүжіп, өзі алып кетеді де, үйінің босағасына іліп қояды.
21. Қазақ үйге келген кісіге астан дәм татырмай жібермейді. Егер дастарқан жайылмаған кезде келсе, ең кемінде айран, ірімшік, құрт сияқты тағамдар ұсынатын болған. Асты қадірлейтін қазақ "дәм-тұзымды тат, расыңды айт" дейді. Қастандық қылған біреу жайлы "дәм-тұзыма тапсырдым" дейді. "Татқан дәмге қас қылған адам оңбас" деп ырым етеді.
22. Қазақ жыртық, ескі, май, көне, кір дастарқанды жаймайды, үстіне ас қоймайды. Олай етсе кедейлік шақырады деп ырым етеді. Келген қонақ жеркенеді. Әлден уақытта першіте деген болар. Олар қонақпен бірге ас дастарқанға жасалған ақ батаға әумин деп отырады екен. Кір дастарқанға ас қойса, сол періштерлер де үйге кірмей қояды. Сосын оның орнына кедейлік келіп жайғасады екен. Қазақта "Дастарқаны жайнап тұр", " Дастарқаны гүлдей екен" деген сөз бар. Дастарқан сәнді болмай, өмір мәнді болмайды. Дастарқан таза болмай, денсаулық оңбайды. Дастарқан киелі зат, рухани дүниенің нақты затты көрінісі. Береке - бірліктің басы. Алтын арқауы, қонақжайлылықтың белгісі. Ұлттың өзіне ғана тән ұлттық кодты болып табылады.
23. Қазақ халқы алдына ас келгенде, дастарқан басында ғайбат сөз, өсек айтпайды. Келелі кеңестер, ел, жер, Отан, ұрпақ тарихына байланысты ұлы әңгімелер айтып, ұлы істерді ақылдасып, шешіп отырады. Жаман, боғауыз сөз айтпайды. Бірауыз жаман сөз айтса, сол адамның дастарқаннан жеген тамағы 40 күн Мәкро не Харам болады. Тілеген тілегі 40 күн бойы қабыл болмайды. Қазақтың дастарқан әдебінде ас үстінде, дастарқан басында жаман сөз, ғайбат, өсек айтуға, біреуді жамандауға қатаң тыйым салынған.
24. Қазақтың дастарқан әдебіндегі ең керемет мәдениет - дастарқан жайылып, оған толық ас қойылған соң, асқа Бата жасап ас ішуді бастайды. Асқа бата жасамай тамақ ауыз тимейді. Бата жасаудың да үлкен мән-мағынасы бар. Дастарқанға оңай ас келмейді. Оны әйелдер қауымы дайындайды. Отқа күйіп, ошаққа майланып жүріп, асты күйдіріп алмай, шала пісірмей, дәмі мен өңін келтіріп ас әзірлеу тек қана шебер, іскер, пысық әйлдердің ғана қолынан келеді. Оны рет-ретімен дастарқан салты мен әдебі бойынша алдыға қою оңай жұмыс емес. Сондықтан асқа отырған қонақтардың ішіндегі дуалы ауызды шешен адам ақ батасын беріп, дастарқан батасын жасайды. Онда үй иелеріне, шаңырағына, ұрпақтарына, ас-су әзірлеген үй анасына да арнап ақ батасын береді. Бата алған үй иелері де қуанып қалады. Атам қазақта "Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер", "Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас" деген өте тамаша мақал бар. Келген қонақ та дайын асқа тік қасық болмай ақ бата беріп, үй иелерін қуанышқа бөліп тастап, астан ауыз тиеді. Бұл өте тамаша салтқа айналған жақсы ырып, керемет дастарқан әдептерінің бірі.
25. Қазақтың дастарқан әдебіндегі тағы бір керемет салтқа айналған ырым бар. Ол ас-су ішіп болған соң, ас қайыру батасын береді. Ас қайыру батасы жасалмай тұрып, дастарқан жимайды. Бата жасалмай дастарқан жиылса, ол дастарқанда береке болмайды деп ырым етеді. Дастарқан әдебін атқармаған болып есептелінеді. Атам қазақта "Батасыз дастарқан - бақсыз дастарқан", "Дастарқанның батасы - берекеннің атасы" деген тамаша тағылымды маржан сөз бар. Ақ бата ел мен жұрттың берекесін сақтайды. Дастарқан дәмі берекенің дәнекері. Бата жасалған дастарқандағы дәмге береке ұялайды. Шаңыраққа бақ қонады. Ұрпақтары бақытты болады. Бата - бақыттың кілті деп ырымдайды.
26. Дастарқан батасы:

Дастарқаның кең болсын,
Пиғылың оған тең болсын.
Қайда жүрсең жол болсын,
Дұшпандарың кем болсын!

Бақыт берсін басыңа,
Береке берсін асыңа,
Таң мезгілі болғанда,
Қырғауылдай жорғалап,
Бөденедей қорғалап,
Қызыр келсін қасыңа.
Тіпті келмей кетпеңіз,
Ұлықпан хакім жасына!

Асқа адалдық берсін,
Басқа амандық берсін.
Ұлың он шақты болсын,
Қызың моншақты болсын!

Астыңдағы ақ боз ат,
Астыңда жүріп арысын.
Қолаң шашты, қой көзді,
Сүйіп алған асыл жар,
Қасыңда жатып қарысын!
Аллақуәкбар!!

27. Ас қайру батасы:

Шаңырақтарың биік болсын,
Іргелерің кең болсын.
Терезелерің тең болсын,
Табалдырықтарың таза болсын.
Төрлерің құтты болсын,
Іші-сырты ырысқа толсын.
Алла тағала бақ берсін,
Бақ берсе нақ берсін.
Арманыңды іске асырып,
Құт шаңыраққа, сап берсін!
Асың-асың асыңа,
Бақыт қонсын басыңа.
Бас қосылсын басыңа,
Жас қосылсын жасыңа.
Береке кірсін үйіңе,
Жақсылық берсін күйіңе.
Бақ-дәулетің арта берсін,
Кеткен бақ қайта келсін.
Ұлдарың ұлағатты болсын,
Қыздарың қырмызы болсын.
Үйіңнен қонақ үзілмей,
Шаңырақтарың қуанышқа толсын!!
Аллақуәкбар!!!
Міне, осындай мыңдаған жақсы тілек, жарым ырысты баталар әр шаңырақта беріледі. Бұл өте үлкен дастарқан әдебіне жатады.

Этнограф жазушы, сыншы, педагог, фольклор танушы, академик Болат Бопайұлы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!