Ресейге ядролық соққының салдары туралы ескерту жасалды

3 қазанда таңғы жағдай бойынша Украинада не болып жатыр? Massaget.kz тілшісі кейінгі жаңалықтардан топтама жасады.

НАТО-ның тоғыз мемлекеті Украинаның мүшелігін қолдады

Орталық және Шығыс Еуропадағы тоғыз елдің президенттері бірлескен мәлімдеме жасап, Ресейдің Украина аумақтарын аннексиялауын айыптап, НАТО-ны Украинаға әскери көмекті айтарлықтай арттыруға шақырды.

Оған Чехия президенті Милош Земан, Эстония президенті Алар Карис, Латвия президенті Эгилс Левитс, Литва президенті Гитанас Науседа, Солтүстік Македония президенті Стево Пендаровский, Черногория президенті Мило Джуканович, Польша президенті Анджей Дуда, Румыния президенті Клаус Йоханнис және Словакия президенті Зузана Чапутова қол қойды.

АҚШ Украина экономикасына ай сайын 1,5 миллиард көмек беруге дайын - БАҚ

Bloomberg агенттігінің мәліметінше, АҚШ президенті Джо Байденнің әкімшілігі Еуроодақ шенеуніктерімен келіссөздер жүргізген, атап айтқанда кейінгі күндері ол Еуропа қаржылық көмекті арттыруы керегін айтқан. Бұған дейін блоктың одақтастары да, кейбір еуропалық дипломаттар да оны Киевті қолдау туралы шешім өте баяу қабылданып жатқаны үшін сынаған болатын.

Еуроодақ басшылары келесі аптаның соңында Прагада өтетін бейресми саммитте Украинаның қаржылық талаптарын талқылайды деп күтіліп отыр. Кездесуге дайындалуға жауапты дипломаттарға еуропалық елдерден күтілетін қаржыландыру көлемі АҚШ-тағыдай айына 1,5 миллиард доллар болатыны айтылған.

Халықаралық валюта қоры Украина халқына негізгі қызмет көрсету және экономиканы қолдау үшін айына шамамен 5 миллиард доллар қажет деп есептейді.

Украинада кеме жасау үшін база құрылады - Зеленский 

Украина жаңа флот құруға, сондай-ақ кемелерге қызмет көрсететін заманауи база салуға ниетті. Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский үндеуінде айтты.

Украинаға 808 тұтқын қайтарылды - Қорғаныс министрлігі

Бүгінгі жағдай бойынша 24-мәрте тұтқын алмасу операциясы жүргізіліп, 808 адам Ресейден қайтарылды. Бұл туралы Telegram-да Украина қорғаныс министрінің орынбасары Анна Маляр мәлімдеді.

НАТО Ресейге ядролық соққының салдары туралы ескертті

Бас хатшы Йенс Столтенберг Ресей президенті Владимир Путиннің үндеуіндегі ядролық қару туралы риториканы "қауіпті және жауапсыз"деп атады.

"Біз президент Путинге ядролық қаруды қолдану Ресейге ауыр зардаптар әкелетінін түсіндірдік. Әрине, бұл қақтығыстың сипатын өзгертеді", - деді Столтенберг NBC арнасына берген сұхбатында.

"Біз сондай-ақ ядролық соғыста жеңуге және оны бастауға болмайтынын түсіндірдік", - деп қосты ол.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!