Марқұмның қарызын туыстары өтейді, ал зейнетақы қалдығын мемлекет алады. Бұл рас па?

Жақыныңнан айырылу оңай емес. Егер ол қызмет еткен адам болса, сәйкесінше зейнетақы жинағы да болуы мүмкін. Немесе қаза болған жақын адамыңның несиесі де болуы мүмкін. Осындай уақытта зейнетақы төлемдерін алушы қайтыс болған жағдайда оның жинағын кім және қалай ала алады және несиесі қалай төленеді деген сұрақтар тууы мүмкін. Massaget.kz тілшісі мамандардың осы мәселеге қатысты берген жауабын жинады. 

Қайтыс болған адамның зейнетақы жинағы кімге қалады?

Ең алдымен, марқұмның зейнетақы жинағы қалай белгіленетінін анықтап алайық. Мұрагерлік-құқықтық қатынастар істерімен айналысатын заңгер Сымбат Жапарованың сөзінше, қайтыс болған адамның зейнетақы жинағы мұрагерлік жолмен беріледі. Ал мұрагерлік қалдырылмаса, заң бойынша жақындарына тең үлесте беріледі. Сондай-ақ, заң бойынша, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының өкілдері қорда шоты бар адам қайтыс болған жағдайда, оның отбасына немесе жерлеуді жүзеге асырған адамға бюджеттен 52,4 АЕК мөлшерінде (160 501 теңге) жерлеуге біржолғы төлем жасайды. Бірақ бұл сома шотта жатқан ақшадан аспауы керек.

Зейнетақы шоты бар адам қай күні қайтыс болса да, зейнетақы төлемі толық мөлшерде аударылуы тиіс. Ол ақша толықтай берілмесе немесе 1, 2 ай кешіктірілсе, сотқа шағымдануға болады. 

Шоттағы қаражат тек қайтыс болған адамның мұрагеріне берілетіндіктен, мұрагер бірінші кезекте мұрагерлік құқық туралы куәлікті дайындауы керек. Ал мұрагерлікке құқыққа ие бола алатындардың тізімі Азаматтық кодексте көрсетілген. Ол адам мұрагерлік құқық туралы куәлікті алу үшін нотариусқа барып, өтініш қалдырады. Заң бойынша, мұрагерлікті қабылдау туралы өтініш мұра қалдырған адам қайтыс болғаннан кейін 6 айдан кешіктірілмей берілуі тиіс. Ал 6 айдан кейін келсе, онда сот арқылы ғана құқығын талап ете алады.


Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Ал егер марқұм мұрагерлік қалдырмаса не болады?

Заңгер Сымбат Жапарованың сөзінше, бұл мәселе заң бойынша шешіледі. Ең алдымен марқұмның балалары, әйелі немесе күйеуі болады. Ал марқұмның немерелерi мен олардың ұрпақтары ұсыну құқығы бойынша ғана мұра алады. Егер бiрiншi кезектегi мұрагерлер болмаса, заң бойынша мұрагер болу құқығын екiншi кезекте марқұмның бiр әке, бiр шешеден туған немесе әкесi немесе шешесi бөлек аға-iнiлерi мен апа-қарындастары (сiңлiлерi), сондай-ақ оның әкесi жағынан да, анасы жағынан да туыстары - тең үлеспен алады. Егер бiрiншi және екiншi кезектегi мұрагерлер болмаса, үшiншi кезекте марқұмның әкесiмен бiрге туған ағалары мен апалары, нағашы ағалары мен нағашы апалары тең үлеспен алады.

Қандай құжаттар керек?

Осы құжаттардың барлығын жинап, БЖЗҚ-ға бару керек.

- Зейнетақы шотындағы ақшаны иемдену туралы өтініш;

- өтініш берушінің жеке куәлігі мен банк есепшотындағы мәліметтер;

- зейнетақы жинағы бар адамның қайтыс болғаны туралы куәліктің көшірмесі немесе түпнұсқасы;

- мұрагерлік құқық туралы куәліктің түпнұсқасы немесе нотариус куәландырған көшірмесі.

Бұдан бөлек, бүгінде зейнетақы шотындағы қаражат жайлы және болжамдық шотты БЖЗҚ сайтындағы арнайы калькулятормен есептеуге болады.

Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Ал қайтыс болған адамның несиесін кім төлейді? 

Мұрагерлік істер жөніндегі адвокат Нариман Сүлейменовтің сөзінше, несиені марқұмның балалары өтеуге міндетті. Яғни бұл жағдайда да мұрагер марқұмның мүлкінен бөлек, қарыздарына да ие болады. Дегенмен мұнда екі жағдайды қарастыру керек.

Бірінші жағдайда, мұраны алу-алмауды адамның өзі шешеді, ол өз құқығы (онда мұра қалдырушының қарыздары да кіретінін ескеру керек). Адам мұрагерліктен бас тартқан болса, онда оның қарызынан да бас тартқан болып саналады. Яғни банк қайтыс болған адамның артында қалған қарызды тек мұрагерінен сұрайды.

Екінші жағдайда, адам мұрадан бас тартпай, оны алатын болса, ол қайтыс болған адамның қарызын қалдырып кеткен мұрасының құнынан аспаған сомасын ғана төлейді. Басқаша айтқанда, мұрагерлік мүлік 5 миллионға бағаланса, ал қайтыс болған адамның қарызы 8 миллион болса, мұрагер қайтыс болған адамның тек 5 миллион қарызын өтеуге міндетті. 

Туысы жоқ адамның кредитін кім төлейді?

Мұрагерлер қалмаған жағдайлар да болады. Онда қарызды кім төлейді деген сұрақ пайда болатыны рас. Адвокат бұл жағдайда кредиторға үлкен шығын келетінін айтады.

Мұрагерлер болмаған жағдайда қарыз беруші (банк немесе микроқаржы ұйымы) қарызын өндіріп шығара алмайды. Бұл дегеніміз кредиторға үлкен шығын келтіреді. Кейбір кезде несие алушылар кепілге мүлкін қойып жатады (ол қарыз алушыға тиесілі болмауы да мүмкін). Осы жағдайда қарыз алған адамның мұрагерлері қалмаса, кредитордың кепілге қойған мүлікті өндіріп алуға құқығы бар.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!