Үкімет басшысы мектеп оқушыларының сөмкесін жеңілдетуді тапсырды

Үкімет басшысы мектеп оқушыларының сөмкесін жеңілдетуді тапсырды
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Әлихан Смайылов мектеп мәселесін қазанның аяғына дейін шешіп, мектеп оқушыларының сөмкесін жеңілдетуді тапсырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Премьер-министр Мемлекет басшысы Реформалар жөніндегі Жоғары кеңестің отырысында "Жайлы мектеп" ұлттық жобасының негізгі тәсілдерін мақұлдағанын, оның шеңберінде 800 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы мектептер салу жоспарланғанын еске салды.

"Ұлттық жобаны іске асыруға жедел кірісуіміз керек. Алайда бүгінде өңірлердегі 143 мектептің жер учаскелерін анықтау бойынша сұрақтар шешілмеген. Бұл жұмысты барынша тездету қажет: қазанның аяғына дейін құрылысы 2023 жылы және жыл аяғына дейін 2024 жылға жоспарланған мектептер бойынша мәселені шешу керек", - деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ, ол оқу процесін цифрландыруды тездету қажетін айтты.

"Осыған байланысты оқулықтарды цифрлық форматқа көшіруді жеделдету және балаларды ауыр сөмкелерден арылту қажет. Сондай-ақ, әкімдіктермен бірлесіп, оқушыларды планшеттермен қамтамасыз ету мәселесін шешуді қолға алу керек. Атап айтқанда, "Қазақстан халқына" қорымен бірлесіп, оларды ауылдық мектептердің балалары үшін сатып алу мүмкіндігін пысықтау керек", - деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Кеңес аяғында ол Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне байланыс операторларымен бірлесіп, еліміздің барлық мектебін сапалы жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етуді тапсырды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек