Соғысқа ҰҚШҰ елдері қатыса ма? СІМ жауабы

Соғысқа ҰҚШҰ елдері қатыса ма? СІМ жауабы
Фото: elements.envato.com

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) күштерінің ресей-украин қақтығыс аймағына қатысуы мәселесі күн тәртібінде тұрмағанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Қазақстан халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысына сәйкес мемлекеттердің аумақтық тұтастығы және егемендік теңдігі қағидаттарын ұстанады. Тұтастай алғанда ҰҚШҰ-ның жауапкершілік аймағы ұйымға мүше мемлекеттердің халықаралық танылған аумақтарымен нақты белгіленген және Ұжымдық қауіпсіздік осы аумақтар шегінде қамтамасыз етіледі. Осылайша, Ресей-Украина қақтығыс аймағына ҰҚШҰ-ның қатысуы мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ", - деді ол.

Смадияров, сондай-ақ, ЛХР, ДХР квазимемлекеттік аумақтарының, Украинаның Запорожье және Херсон облыстарын Ресейге қосу туралы өткен референдумдар бойынша Қазақстанның ұстанымын айтты.

"Біздің ұстанымымыз өзгерген жоқ. Бұл мәселеде Қазақстан халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысына сәйкес мемлекеттердің аумақтық тұтастығы, олардың егемендік теңдігі және бейбіт өмір сүру қағидаттарын ұстанады. Біз Ресей мен Украина арасында саяси диалог орнатуға барынша дайын екенімізді тағы да растаймыз. Бұл ретте біздің еліміз жаһандық деңгейде тұрақтылықты сақтауды аса маңызды міндет деп санайды. Сондықтан біздің ұстанымымыз өзгерген жоқ", - деді СІМ өкілі.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек