"Көбі елден кетіп қалды". Ресейлік тұрғын мобилизация туралы айтты

21 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин үндеу жасап, ішінара мобилизация жариялады. Осыған байланысты Қазақстанға ресейліктер жаппай келе бастағаны байқалды. Осы орайда Massaget.kz тілшісі Мәскеу тұрғыны Александра Кречетовамен сұхбаттасып, елдегі ахуал қалай өрбіп жатқанын сұрады.

Мемлекеттік кірістер комитеті өкілі де Ресейден Қазақстанға өткізетін пункттерде 21 қыркүйектен бастап жеңіл көлік саны 20 пайызға өскенін айтқан еді. Көлік кезегі Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында көбірек байқалған. Ресейде де бірқатар оқыс оқиға болған еді. Мәселен, "ешкім соғыспайды" деген ұранмен ер адам әскери комиссариат басшысына алты рет оқ атқан болатын. Сондай-ақ, 26 қыркүйекте Ижевскідегі №88 мектепте белгісіз біреу атыс шығарған еді.

Александраның сөзінше, Ресейдің әр бөлігіндегі жағдай әртүрлі.

"21 қыркүйекте мобилизация жарияланған бойда халықты жинай бастады. Бірақ әр өңірде әртүрлі жағдай. Мысалы, Мәскеуде дүрбелең жоқ. Бірақ туған жерім, буряттар тұратын Бурятияда қатты жинады. Ресми мәлімдеме бойынша, жалпы резервтен бір пайыз жиналатыны айтылды. Бірақ Бурятияда бұл көбірек болған секілді. Адамдарды бірден жинай бастады. Сол жақта тұратын досыммен сөйлескен едім, 21-і күндіз оның үш досына хабарласып, келесі күні әскери комиссариатқа келуін сұраған. Шақыру қағаздары жіберілмеген. Жай ғана қоңырау, бірақ оның заңды күші жоқ. Бірақ 21-і түні үйлерге, әсіресе, ауылдарда шақыру жеткізілген", - дейді ол.

Сондай-ақ, ресейлік қандай адамдарды жинап жатқанын айтты.

"Бурятия ең бірінші соққы алды деуге болады. Басқа өңірлерде де аз-аздан жинап жатыр. Әзірге әскерде болғандарды, соғыста қажет болатын мамандық иелерін жинап жатыр. Ел арасында әскерде болмағандарды, әскерге жарамсыздарды жинағаны, бірақ кейін босатқаны туралы қауесет те тарап жатыр", - дейді ол. 

Александраның айтуынша, халықтың басым көпшілігі бұл жаңалықты жақсы қабылдамаған.

"Әрине, халықтың басым көпшілігі бұл жайтты жақсы қабылдамады. Мобилизацияға қарсы митингілер болды. Бірақ айтарлықтай үлкен емес. Көбі елден кетіп қалды. Жақында бір жаңалық оқыдым, онда мобилизация жарияланғаннан бері екі жүз алпыс мыңға жуық ер адам елден кеткені айтылған", - деді ол.

Еске салайық, бұған дейін ресейліктердің жаппай келуіне қатысты Қазақстан билігінің реакциясы туралы материал жарияланған болатын.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!