"500 мың төле немесе босат". Пәтер бағасы өссе, не істеу керек?

"500 мың төле немесе босат". Пәтер бағасы өссе, не істеу керек?

Жалға алып отырған пәтердің иесі ай сайынғы бағаны өсіріп, болмаса шұғыл босатуды талап етсе, не істеу керек? Келісімшарт жасамасаңыз құқығыңыз қорғала ма? Заңгер Ғабит Өмірбек мұны КТК телеарнасына түсіндіріп берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Телеарна мәліметінше, Қазақстанда жалдамалы пәтерлер 20-40 пайызға қымбаттаған. Ал оны реттеу қиын. Өйткені пәтерді жалға беретін және алатын адамдардың қарасы қалың. "Ал бәрін бірдей қадағалау мүмкін емес", - дейді сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин. 

"Іс жүзінде бұл бәсекеге толы сала. Әрине, оны қандай да бір қатаң қадағалау арқылы ретке келтіруге болады. Бірақ одан кейін оны бақылау әрі мониторинг жасау қиын. Біз әр азаматқа қандай баға қою керегін айта алмаймыз ғой. Монополистері бар нарықты реттеуге болады. Онымен айналысып та жатырмыз. Бірақ сатушылар көп болғанда, оларды қалай реттейсің?", - дейді министр.

Ал заңгер Ғабит Өмірбек келісімшартқа отырмаған тұрғындардың да құқығы сотта қорғалатынын айтады. Сондықтан ескертусіз жалдамалы баспана құнын бірден көтеріп, бір күннің ішінде босатыңдар деп айтуға ешкімнің құқығы жоқ дейді ол.

"Сіз пәтерге айына 150 мың теңге төлеп жаттыңыз. Енді пәтер иесі "500 мың төле немесе босат" деді. "Мен босатпаймын" дедіңіз. Полиция шақырамын десе, шақыра берсін. Полиция келсе де, "Азаматтық тұрғыда бұл кісі мені пәтерден босатқызу үшін бір ай бұрын алдын ала сотқа дейінгі талап-арыз жазу керек болған. Егер де мен өз еркіммен кетпейтін болсам, сотқа беріп, азаматтық сот арқылы дауласып шешеміз" деп кетпей қоюға заң бойынша құқығы бар", - дейді Ғабит Өмірбек.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш