Бас прокуратура фейктерге байланысты үндеу жасады

Бас прокуратура өкілі түрлі ақпарат көзінде тарап жүрген фейктерге қатысты үндеу жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев жалған ақпарат тарату неге әкеп соқтыратынын  айтты.


"Құрметті азаматтар! Отандық ақпараттық кеңістікте және әлеуметтік медиада түрлі тақырып бойынша көрінеу жалған ақпарат тарату жағдайы жиілеп кетті. Бұл ретте олар кейбір блогерлердің арандатушылық мәлімдемелерімен және әлеуметтік желі қолданушыларының ұлттық алауыздықты тудыратын белгілері бар пікірлерімен бірге жүреді. Азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін, сондай-ақ, бірқатар танымал адамды ұстау және қылмыстық жауапқа тарту туралы жалған хабарламалар жарияланып жатыр. Мұндай фейк мәліметтер қоғамдық жалған пікірді қалыптастырып ғана қоймай, сонымен қатар, қоғамдық тәртіпке де теріс әсер етуі әбден мүмкін. Осындай шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратуды көбіне блогерлер қасақана, өздерінің және үшінші тұлғалардың мүдделері үшін жүзеге асырады. Олардың мақсаты - жеке пайда табу және бопсалау арқылы материалдық табыс көру. Ұлттық алауыздықты қоздыруға, қорқытуға, көрінеу жалған ақпарат таратуға бағытталған іс-әрекеттер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174, 194 және 274-баптары бойынша қылмыстық жауапқа әкеп соғады", - деді Қазақстан Республикасы бас прокурорының орынбасары Жандос Өмірәлиев.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы ел азаматтарын, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін, әлеуметтік желі қолданушыларын заңнаманы бұлжытпай сақтауға және кез келген құқықбұзушылық жасалуына жол бермеуге, арандатушылыққа бой бермеуге, тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!