"Алматы марафонының" қатысушысы мәреге жеткен соң қайтыс болды

"Алматы марафонының" қатысушысы мәреге жеткен соң қайтыс болды

Алматыда өткен "Алматы марафонының" 47 жастағы қатысушысы Рүстем Садықов мәре сызығын кесіп өткеннен кейін қайтыс болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Алматы марафоны" сайтына сілтеме жасап.

Мәреде кезекшілікте жүрген жарыстың бас дәрігері Оразбек Саховтың айтуынша, қатысушы Республика алаңында мәре сызығын кесіп өтіп, бірнеше метр өткеннен кейін  құлаған.

"Біз оған бірден көмек көрсете бастадық. Алғашқы көмекті еріктілер көрсетті. Одан кейінгі жүрек-өкпе реанимациясы қалалық жедел жәрдем стансасының қызметкерлерімен бірлесіп жүргізілді. Бастапқыда жүрек іске қосылды, синус ырғағы пайда болды, 2 минуттан кейін жүрек ұстамасы қайта басталды. Реанимациялық шаралар 30 минутқа созылды, оның ішінде соңғы 10 минут жедел жәрдем көлігінде жасалды. 10:15-те қатысушы қайтыс болды. Ресми себеп сот-медициналық сараптамадан кейін ғана аталуы мүмкін", - деді Оразбек Сахов. 

Марқұмның жақындары ол жүгіру шарасына бірінші рет қатысып отырмағанын айтады. Сәуір айында Алматы жартылай марафонында, 2021 жылы Алматы марафонында 10 шақырым қашықтықта жүгірген.
Жарысты ұйымдастырушылар марқұмның туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Рүстем Астанадан жарысқа арнайы келген, ұйымдастырушылар оның денесін өз қаласына тасымалдауға қаржылай көмек көрсетеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Г. Досымшалова