Демалыс күндері қайда баруға болады?

Демалыс күндері қайда баруға болады?
Фото: Әлихан Сараев

Күз келсе де күн жылы. Алматылықтар осы жылы күндерді тиімді әрі қызық өткізе алады. Massaget.kz тілшісі алдағы күндері баруға болатын жерлер тізімін ұсынады.

Демалыста ауа райы қандай болады?

Қазгидромет синоптиктері алдағы күндерге арналған ауа райы болжамын жариялады. Синоптиктердің мәліметінше, солтүстік-батыс циклон Қазақстанның батыс өңіріне әсер етеді, содан кейін шығыс бағытқа және елдің қалған аумағына ауысады. Соның әсерінен жаңбыр жауады.

"25 қыркүйекте батыста, 26 қыркүйекте солтүстік-батыста және солтүстікте жаңбыр жауып, найзағай ойнап, жел күшейіп, бұршақ жауады. Келесі аптаның басында Солтүстік Қазақстан облысында жауын-шашын күтіледі. Қазақстанның оңтүстік-шығысында тек таулы және тау бөктеріндегі аудандарда өткінші жаңбыр жауады", - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, ауа температурасы төмендейді.

"Ауа температурасы республиканың басым бөлігінде төмендейді. Еліміздің батысында күндіз 22-33 градустан 9-22 градусқа дейін, солтүстік-батыста 25-32 градустан 10-23 градусқа дейін, солтүстікте 23-30 градустан 5-20 градусқа дейін, орталықта 22-32 градустан 20-28 градусқа дейін, Қызылорда облысында 30-35 градустан 17-25 градусқа дейін жылы болады. Елдің оңтүстік-шығысы мен оңтүстігінде ауа температурасы 25-35 градус жылы болады", - делінген хабарламада.

Театрдағы қойылымдар

Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында 24 қыркүйекте 18:30-да "Енелер мен келіндер" қойылымы, ал 25 қыркүйекте дәл осы уақытта "Бір түп алма ағашы" қойылымы көрсетіледі. Билет құны 600 теңгеден басталады. Өтетін орны - Абылай хан даңғылы, 38.

Ашық аспан астындағы кино

Шатырдағы кинотеатр (@open_cinema_almaty) ашық аспан астындағы кешкі кинокөрсетілімдерді ұсынады. Бірінші көрсетілім күн батқан кезде өтеді, ал одан кейінгі фильмдерді жұлдызды аспан астында көруге болады. Өтетін орны: Орманов көшесі, 7. Ал кіру құны - 3000 теңге.

"Жапония мәдениет күні" фестивалі

Осы демалыстағы ерекше шараның бірі 24 қыркүйекте сағат 12-де өтеді. ҚР Орталық мемлекеттік мұражайы мен Қазақстандағы Жапония елшілігі Қазақстан-жапон адам ресурстарын дамыту орталығымен бірлесіп, жыл сайынғы дәстүрлі "Жапония мәдениет күні" фестивалін өткізеді.

Фестивальде Қазақстанда тұратын Жапония азаматтары көрмелер мен шеберлік сыныптары түрінде дәстүрлі жапон өнері мен заманауи техникасын ұсынады. 2019 жылы бұл фестиваль 5000-ға жуық көрермен жинаған. Өтетін орны: ҚР орталық мемлекеттік мұражайы, Самал шағынауданы, 1, 44 үй Кіру құны 300 - 500 теңге арасында болады.

Табиғаттағы демалыс

Алматыда демалыс күндері баратын табиғаттағы нысан өте көп. Ақылы қызмет көрсететін турлар арнайы орындардан бөлек, атпен серуен, көпшілікпен бірге тауға шығу секілді ерекше демалыс түрлерін де ұсынады. Осы орайда бірқатар ақылы турлар бар. Ақылы турлар көп екені белгілі, демалыста осындай белсенді демалысты қаласаңыз, Instagram көмекке келеді. Әр тур бірнеше күн бұрын бағыттарды, уақыты мен ақысын жариялайды.

Ал ешқандай қаржысыз, тауда демалуды жөн көрсеңіз, Көкжайлау, Жапон жолы, Алмарасан, Құмбел, Үш ағайынды, Фурманов, Аюсай, Медеу, Шымбұлақ, Мыңжылқы секілді Іле Алатауының шыңдары мен шатқалдарына достарыңызбен бірге шығып, әдемі көріністі тамашалап, уақыт өткізуге болады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова