Ресейліктер Қазақстанмен шекарадағы жағдайды айтты

Ресейліктер Қазақстанмен шекарадағы жағдайды айтты
Фото: instagram.com/typicaluralsk

Ресейде ішінара мобилизация басталғаннан кейін Қазақстанға келген ресейліктер шекара бекеттеріндегі жағдай туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап. 

Алимбет есімді Ресей азаматының айтуынша, шекарадан өту процесі екі сағатқа созылған.

"Жылдам болды, Шымкенттегі туыстарымызға бара жатырмыз", - дейді Алимбет.

23 жастағы IT-маман Қазақстанға отбасымен келген.

"Қазір туыстарымызға барамыз, көптен бері шақырып жүрген. Мына түсініксіз жағдай кезінде бір аптаға демалысқа шығуды ұйғардық. Бізді күтіп отыр", - деді тағы бір ер адам.

Ресейлік әйел Наталья да Қазақстанға отбасымен Екатеринбургтен келгенін айтты.

"Мен медбикемін және әскери қызметке міндетті адаммын. Қазақстанға 21 қыркүйекте келіп, Қостанайға тұрақтадық. Қазақстанда жалдамалы пәтерде тұрдық. Бір аптаға жуық осында болуды жоспарлап отырмыз. Азияға билет сатып алып жатырыз. Болашақта Тайландқа ұшуды жоспарлап отырмыз. Онсыз да Қазақстан арқылы ұшқымыз келген,  қарашаның аяғына қарай, бірақ қазіргі жағдайға байланысты ерте келуді жөн көрдік", - деді Наталья.

Әйелдің айтуынша, оның төлқұжатында әскери міндетті деген белгі бар, бірақ шекарадан өтуде еш қиындық болмаған.

Тағы бір ресейлік Саратовтан Оралға бара жатқан жолда 13 сағат бойы Қазақстанға кіретін пунктте болғанын айтқан.

Еске салайық, 21 қыркүйекте Ресейде ішінара мобилизация жарияланған болатын.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова