Қазақстанда бір жыл ішінде қанша орман өрті тіркелген?

Қазақстанда бір жыл ішінде қанша орман өрті тіркелген?
Фото: Tengrinews/ ©Тұрар Қазанғапов

Қазақстанда бір жыл ішінде 5 мыңнан аса орман өрті мен өрт дабылы тіркелген. Бұл туралы Energyprom.kz сарапшылары айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазақстан үшін ең қауіпті айлар - шілде, сәуір және тамыз. Биыл қыркүйектің басында Қостанай облысында орман өрті өршіді. Екі мыңға жуық адам эвакуацияланды. Өрт ыстық ауа райы мен қатты жел салдарынан тез тарады.

Өрт елдің басқа аймақтарына да әсер еткен. Ормандардың жай-күйі туралы деректерді Global Forest Watch халықаралық ұйымы (GFW) жинайды. Оның жұмысын Google, АҚШ Халықаралық даму агенттігі (USAID) және басқа да халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар қолдайды. Өрттің нақты саны өрт дабылдарының санына жақын немесе оған тең, себебі дерекқорға олардың жалған дабыл емес екеніне 80 пайыздан аса сенімділігі бар ескертулер ғана енгізілген.

Табиғи өрттер қалада шығатын өрттерге қарағанда қауіпті болады, өйткені оларды бақылауға алу қиын. Олардың таралуына ауа температурасы, жел жылдамдығы және өрт бағыты әсер етеді. Бұл орман өрттерін сөндіруді күрделендіреді және одан әрі қауіпті ете түседі.

2021 жылғы 20 қыркүйектен бастап 2022 жылғы 12 қыркүйекке дейінгі кезеңде өрт туралы 5 мыңнан аса дерек тіркелген. Бірақ бұл тек жоғары деңгейдегі деректерге қатысты. Тарихи деректермен салыстырғанда, 2021 және 2022 жылдардағы шама салыстырмалы түрде төмен. Өйткені ең көп дерек 2017 жылы тіркелген, ол кезде 24 мыңға жуық дерек тіркелген.

Қазақстанда жыл сайын сәуірдің ортасы мен мамырдың басында, шілденің соңында көп дерек тіркеледі. Бірінші жағдайда ашық кеңістіктер жанады, көбіне елді мекендерде, ал екінші жағдайда әңгіме ірі орман өрттері туралы болады. Екеуінің де ауқымы бірдей.

10 жыл ішінде ең көп өрт дабылы шілдеде тіркелген, яғни 32 мыңнан аса, бұл 10 жылдағы барлық жағдайдың төрттен бірі болады. Одан кейін сәуірде (21 пайыз), содан соң тамызда (17 пайыз) тіркелген. Орман өрттеріне байланысты дабыл қаңтар мен желтоқсанда аз тіркелген, яғни 0,2 пайыз.

GFW деректері Қазақстанның ресми деректерінен ерекшеленеді, өйткені есепке алу кезінде әртүрлі әдіснама қолданылады. ҚР премьер-министрінің сайтындағы мәліметтер бойынша былтыр мемлекеттік орман қорында 751 өрт дерегі тіркелген, ал салдарынан жойылған ормандардың ауданы 167 мың гектар болған (материалдық шығын 6 миллиард теңгеден асқан).

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин сол кезде елдің кейбір аймақтарында табиғатты қорғау және орман мекемелерінің жабдықталуы 50 пайыздан аспайтынын атап өткен. Мәселен, Атырау облысында 20 пайыз, Шығыс Қазақстан облысында 24 пайыз, Қызылорда облысында 33 пайыз, Батыс Қазақстан облысында 47 пайыз, Ақтөбе облысында 47 пайыз, Солтүстік Қазақстан облысында 48 пайыз болған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова