Дубайға демалуға кеткен қазақстандық зейнеткердің денесін туыстары елге жеткізе алмай отыр

Дубайға демалуға кеткен қазақстандық зейнеткердің денесін туыстары елге жеткізе алмай отыр

Біріккен Араб Әмірліктерінде көз жұмған отандасымыздың денесі сегіз күннен бері жат елдің мәйітханасында жатыр. Дубайға демалуға кетіп демі үзілген 76 жастағы Абдулла Берлібекұлын туыстары жер қойнына тапсыра алмай жүр, деп хабарлайды "КТК" телеарнасы.

Мәйіттің дер кезінде елге келмеуіне сақтандыру компаниясының салғырттығы себеп дейді олар. Туристі елге жеткізу шығынын көтеріп алуға тиіс компанияның айтар өз уәжі бар. Абдулла Берлібекұлының жат елде жан тапсырғанына сегізінші күн. Дубайға жұбайымен демалуға кеткен 76 жастағы қарияның кенет жүрек талмасы ұстап жағдайы нашарлаған. Алайда отандасымыздың өмірін ақ халаттылар арашалай алмапты. Ал марқұмның денесін ағайын-туысы сарыла күтіп жүр. Олар сүйектің дер кезінде келмеуіне сақтандыру компаниясын кінәлап, кеңсесінің алдына жиналды.

"Денесін әкеле алмай отырмыз. Өте қиын жағдай. Уақыт болды, жерлеу керек, бірақ жерлей алмай жүрміз. Бар шағымымыз - сақтандыру компаниясы "Номадқа". Жұмысы дұрыс емес. Турға, сақтандыруға ақша төленген. Дубайда арнайы агенттер бар. Солар бар  жұмысты істеуі керек. Туыстары барлық жақтан келіп күтіп отыр", - дейді марқұмның туысы Тұяқбай Қантанов.

Теңіз жағасындағы бес күндік демалыстың ақысына медициналық сақтандыру да кірген. Демек, сақтандыру компаниясы өзге мемлекетте қайтыс болған туристі еліне жеткізіп, бар шығынды мойнына алуға тиіс. Бірақ бұл шаруа созылды дейді марқұмның ет жақындары.

 "Сақтандыру бойынша ол жақта ауырып қалған немесе қайтыс болған жағдайда барлық рәсімін алып өздері жіберу керек. Консул айтты. Біз жақтан кедергі жоқ деді. Бірақ сақтандыру компаниясы алты мың доллар төлеу керек. Сақтандыру компаниясы не істеп жүр? Неге соның барлығын орнына келтірмейді?", - дейді тағы бір туысы Дәметкен Өзбекова.

 Сақтандыру компаниясының өкілдері жауаптан қашпаймыз деп отыр. Олар: "Мүрдені елге әкелеміз, бірақ қай күні екенін айта алмаймыз", - деп, қысқа қайырды.

"Сақтандыру компаниясы бар шығынды өтейді. Бірақ туристі елге жеткізу оңай шаруа емес. БАӘ толтыратын құжат көп. Аурухана, полицияға анықтама өткізу керек. Олар тексереді. Барлығы уақыт алады. Құжаттар дайын болған соң консул қол қойып, мәйіт елге жеткізіледі. Репатриация жұмысы нақты қашан аяқталатынын айту қиын. Біз жеделдету үшін барымызды саламыз", - деді Nomad Insurance сақтандыру компаниясының департамент директоры Мұрат Әлібеков.

Алайда Абдулла Берлібекұлының туыстары компания басшыларына сенуден қалған. Жақынын жер қойнына тапсыра алмай қиналған олар Сыртқы істер министрлігінен көмек сұрамақ.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Г. Досымшалова